Донбастағы жағдайдың ушығуына байланысты Ресейге төтеп беру мақсатында Украина Америкадан көмек сұрады. Осыған байланысты Конгресс Сенатының Халықаралық қатынастар комитеті Украина-АҚШ Қауіпсіздік серіктестігі (Ukraine Security Partnership Act of 2021) туралы заңды мақұлдады.
Республикалық партия өкілдері Джим Риш, Роб Портман, Джон Баррассо және демократтар Роберт Менендес, Крис Мерфидің бастамасымен заң шығарушы органның жоғарғы палатасына құжат наурызда қайта енгізілді. Заң жобасына сәйкес, Украинаға әскери көмекке жылына 300 миллион доллар және украин әскери қызметкерлерін оқытуға жылына 4 миллион доллар бөлінеді. Сонымен қатар, заң жобасының авторлары АҚШ әкімшілігін Еуропалық одақтастармен бірге жұмыс тобын құруға, Украина бойынша арнайы өкіл тағайындауға шақырады.
Бұған дейін комитет басшысы Менендес Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебамен телефон арқылы құжатты талқылады. Құжат енді сенаттың толық құрамына тапсырылады.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымында АҚШ шенеуніктері Ресеймен қарама-қайшылық туындаған жағдайда Украинаға қару-жарақ беру жоспарын әзірлеп жатқаны жазылған. Бірақ бұл шараларды АҚШ президенті Джо Байден әзірге мақұлдаған жоқ. Басылымның хабарлауынша, мұндай қолдауға зениттік жүйелер кіруі мүмкін. Сонымен қатар, мақалада АҚШ әкімшілігі Ресейге қарсы қосымша экономикалық санкциялар енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.