«Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» - деп Ата Заңда көрсетілгендей, туған жұртын сүю, Отанына қалтқысыз қызмет ету әрбір ел азаматының қасиетті борышы.

  Ер адамдардың жастайынан әскери формаға қызығып, 18 жасқа толысымен Отан алдындағы борышын өтеуге асығатыны бабаларымыздан қалған батырлық жолдың үлгісіндей.

Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың бойынан  Отанға адал қызмет ету, оның қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтау, ең қымбат қазынамыз – Тәуелсіздігімізді қорғау,  ар-намысты биік ұстау, ұлтын сүю секілді патриоттыққа баулитын қасиетті ұғымдар жете танылуда. Соның арқасында қазіргі уақытта әскерге шақырушылардың қатары өсуде.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерінің қатарында қызмет еткісі келетін жастар легі көп. Бірқатары әскери борыштарын өтеп те жүр. Барлығының жүректеріндегі айқын мақсат бір, ол – Отанын қорғау, берген әскери Анттарына адал болу.

Ұлттық ұланның Қызылорда қаласында орналасқан 5547 әскери бөлімінде де еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған сарбаздар әскери борыштарын өтеуде. Олар қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, түзеу мекемелерін күзету мен сотталғандарды айдауылдау секілді өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді абыроймен атқаруда.

Қызылорда қаласында орналасқан 5547 әскери бөлімі сарбаздары.

Әскерде тек жауынгерлік қызмет қана емес, онда да өмір бар, өзінің қызықтары бар. Сарбаздар жауынгерлік қызметтен бос уақытта спортпен шұғылданады, кітаптар оқиды, одан бөлек түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға қатысады. Соның бір айғағы ретінде сарбаздардың әскерде аталып өтілетін туған күндерін атап өтуге болады.

5547 әскери бөлімінде сарбаздардың туған күндері естен кетпестей ерекше аталып өтіледі. Әр айдың соңында «Сарбаз, бүгін сенің туған күнің!» атауымен туған күн иелеріне арналып концерттік бағдарламалар қойылып, артынан дастархан жайылады. Жуырда осындай мерекелік іс-шараның куәсі болдық.

Адамзат өмірінде оның көңіліне сәл болса да қуаныш сыйлау кейде бақыт болып табылатындай. Бүгінгі күні өткен іс-шарада сарбаздардың жүзінен біз соны анық байқадық. Бұл іс-шараға Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Сабыржан Сүлейменов арнайы келіп қатысып,  бөлімде өз деңгейінде өткен мерекелік іс-шараға оң бағасын беріп, туған күн иелеріне игі тілектерін айтып құттықтауын жолдады.  Ол: «Құрметті жауынгерлер, сіздер ұлт мақтанышысыздар, еліміздің айбынды әскері Ұлттық ұланның қауіпсіздік қалқанысыздар. Отанды қорғау әрқашан абырой болып саналған, ертеңгі күні ел шетіне жау тисе, етігімен су кешуге әзір осындай жалынды сарбаздар барда Отанымыздың, Мәңгілік Еліміздің Туы ешқашан төмендемек емес!» деп сөзін түйіндеді.

«Елдің ертеңін білгің келсе, оның жастарына қара»,- деген ұлағатты сөз бар. Сөз жоқ, осындай іс-шаралар ел ертеңі – жастарымыздың, яғни сарбаздар бойында отаншылдық рухты өркендете берері, нәтижесінде Отан десе өр мінезді, қайратты азаматтарымыздың қатарын көбейтуге бірден-бір септігін тигізетіндігі сөзсіз.

Айдос Байшағыров,  Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

“The Qazaq Times”