Қазақстанда коронавирус жұқтыратындардың күндік көрсеткіші мамыр айының ортасында шырқау шегіне жетуі мүмкін. Бұл туралы бүгін, 20 сәуірде үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой  мәлімдеді. 

Оның айтуын қарағанда, елде наурыз айының соңында эпидемиологиялық ахуал нашарлап, науқастану көрсеткіші 46 пайызға дейін артқан, қазір ахуал жақсарып келе жатыр.

"Денсаулық сақтау министрлігі халықты вакцинациялаумен қамтуды ескере отырып, коронавирустың таралуының дамуына болжамды өзектендіреді. Кестеге сәйкес, вакцинация жалғасқан жағдайда оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың кейске дейін тіркеліп, сәуірдің соңында шырқау шегіне жетеді деп болыпжадық" деді Цой.

Оның айтуынша, реалистік сценарий жағдайында және вакцинация кестеге сай жүргізілгенде коронавирус жұқтыру тәулігіне 4 мың жағдайға жетіп, шырқау шегі мамыр айының ортасында болуы мүмкін.

"Бірінші кезеңде вакцинация тиімділігі иммунитет қалыптасуына уақыт қажет болуына байланысты шектеулі болады. Одан кейін вакцинация әсері күшейіп, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына ықпалын тигізеді" деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде 2020 жылдың наурыз айынан бері 292 250 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 3436 адам қайтыс болған. Коронавирус инфекциясы анықталған, бірақ өліміне "басқа ауру себеп болды" делінген мыңға жуық адам өлімі бұл статистикаға енбеген. Бұдан бөлек, елде былтырғы 1 тамыздан бері  51 890 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Олардың 754-і көз жұмған.

Қазақстанда 1 ақпаннан бері коронавирусқа қарсы вакцинациялау жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 733 980 адам (халықтың 3,9 пайызы) коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған.

"The Qazaq Times"