АҚШ Путин билігіне ең ұрымтал тұсынан жасаған соққыларын жұмсады. Бұлардың қатарында үш сериялды санкция, дипломаттарын елден қуу да бар. Бұның бәрі үшін Ресейге тағылған айыптар атап айтқанда мыналар: АҚШ-тағы сайлауға араласу, кибер шабуыл жасау, Украина шекарасында шиеленісті ушықтыру, т.б. Сонымен, Ресей әскерін Қара теңіз бен Украинаға жақын шекараға тасып ақ тер, көк тер болғаны,  оған НАТО-ның «тәк, тәк» дегені, АҚШ-тың екі соғыс кемесін жібергені, артынша Қара теңізге кірмей тоқтап қалғаны, Байденнің Путинді кездесуге шақырғаны... тағысын-тағылар не үшін жасалып жатыр?

АҚШ қадамын қалай бағалауға болады?

Ақ үйдің баспасөз өкілі кешегі мәлімдемесінде Байден билігінің шешімін былай деп түсіндірді: «Бұл қадамдар Ресейдің зиянды әрекеттеріне жан-жақты жауап беріп, оны болдырмауға деген шаралары». Яғни, Құрама Штаттар бұны өзінің демократиялық жүйесін және одақтастарының мүддесін қорғау үшін жасап отырғанын алға тартып отыр. Ресейге АҚШ-тағы демократиялық жүйеге араласты, Құрама Штаттардың жүйесін бұзуға тырысты деген айып бүгін ғана тағылып отырған жоқ. 2016 жылғы сайлауда да осы әңгіме айтылған.

Құрама Штаттар елден қуалаған ресейлік дипломаттар арасында барлау агенттері көбірек. Ақ үй мәлімдемесінде Ресейдің сыртқы барлау қызметі (SVR) АҚШ-тың желілік инфрақұрылымын анықтау, талдау және басқарушы SolarWinds Orion бағдарламалық жасақтама жүйесіне және басқа да ақпараттық технологиялар инфрақұрылымына қарсы тыңшылық іс-шараларын жүргізгені айтылған. Сондай-ақ, америкалық барлау агенттіктері осының бәрін Ресейдің сыртқы барлау агенттігі жоспарлап, ұйымдастырып отырғанына сенімді.

Байденнің соңғы шешімдері Ресейдің қастандық әрекетіне қарсы түбірлі қарсылық деп бағалауға болады. Қысқа уақытта үш санкцияның салынуы Ресейге бағытталға жалпы стратегияның тек басы ғана. Бұл туралы отандық тәуелсіз сарапшылардың бірі Қуаныш Еділханның мына бір пікірін келтіре кетейік: «Бұған дейін Конгресс қабылдаған заңда (3.08.2018) АҚШ әрбір жарты жылда Ресейге жаңа санкциялар пакетін жариялап тұруы тиіс болатын, алайда Трамп бұл заңды орындаған жоқ, елемей тастап отырды. Байден, әрине, заңды қатаң сақтайтын адам, сондықтан келесі санкциялар пакеті алдағы маусым айында салынатын болады деп болжауға болады», – дейді Қ.Еділхан өзінің әлеуметтік желі парақшасындағы пікірінде.

Құрама Штаттардың соңғы әрекеттеріне қарасақ қатты соққымен қатар келіссөзге де жол қалдырып тұрғандай. Санкциялар легі мен дипломаттарды елден шығару, НАТО-мен ортақ ұстанымды бекемдеу, Украина жетекшілерімен тілтабысыу... осылармен қатар Байден Путинге қоңырау шалып кездесу өткізуге шақырады. Демек, бұның бәрі Уашингтонның Мәскеуді келіссөз үстеліне аптығын басып алып келуге жасалған әрекеті деуге негіз бар.

Ресейдің әрекетін қалай бағалауға болады

Ресейдің әскери белсенді күйге келуі өздігінен болмағаны шын. Түріктің Орталық Азияға сұғынып келе жатқанын көрді, Ауғанстанның жаңа күйге ауысқалы тұрғанын, бұл өзі ықпал етіп отырған аймақтарда жаңа қауіптердің туындайтынын аңғарды. Бұның бәрінен АҚШ-тың «аямасын» білді және дер уағында Қытаймен маңызды келісімдер жасасты. Енді Қытай шығыста, Ресей батыста дөң айбатын көрсетіп, «сенде одақ болса, бізде де бар» дегендей өздерінің ең бір қымбат көзірлерін алып шыққанға ұқсайды. Айталық, Қытай Тайуан бұғазының батысында әскери жаттығу бастайды, Ресей Украина шекарасы мен Қырым маңында әскери белсенді күйге түседі.

Мәскеу мен Бейжіңнің әрекетін біріктіріп қарағанда мәселенің бәрі айқындала түскендей. Сөзімізді АҚШ Әскери-теңіз күштерінің хатшысы, адмирал Майк Гилдайдың бір күн бұрын ортаға салған пікірімен дәйектей кетейік. Ол Ресей мен Қытайдың әрекеттері АҚШ пен оның одақтастары қаншалық бекем екенін сынап көру үшін жасалып жатыр деген көзқарасын айтады.  «Қазіргідей күрделі және құбылмалы кезде, біздің мазасыз қарсыластарымыз өздерінің халықаралық ережелер мен тәртіпке қарсы ынта-жігерін көрсетіп қалуға тырысуда. Қытай мен Ресей біздің біртұтастығымызды тексеріп жатыр. Олар бұны қазір Украина-Ресей шекарасында болсын, Тайвань бұғазында болсын көрсетіп отыр. Олар біздің трансатлантикалық қауіпсіздігімізге қасақана зиян келтіретін тәсілмен жұмыс істейді», – деген АҚШ адмиралы.

Бұдан біз бір тарапта АҚШ пен оның одақтастары, екінші тарапта Ресей мен Қытай болған екі үйектің алдағы қадамдарын болжай аламыз. Айталық, АҚШ тарабы өзінің одақтастарын бекітуге негізделген қадамдар жасайтын болса, Қытай мен Ресей өз қатарын көбейтуге, АҚШ пен оның одақтастарына қашанда жаңа сын тауып беріп отыратын Иран, Солтүстік Корея секілді елдерді қолдауды күшейтуге баса жұмыс жасайтынын бағамдаймыз. Нәтижесінде, бұл ұзақ та қайшылықты жаңа халықаралық қатынастар дәуірінің әлде қашан басталғанын анық көрсетеді.

“The Qazaq Times”