Кеше, 7 сәуір күні Қытайдың әуе күштеріне қарасты 15 әскери ұшағы Тайуанның (Тайвань) Оңтүстік-Батыс әуе қорғанысын идентификациялау аймағына кірді. Бейжіңнің әуе күштері арқылы жасаған қысымдары Тайуан мен оның айналасындағы Тынық мұхиты елдерін алаңдатуда. АҚШ Мемлекеттік департаменті сол күні бұл туралы арнайы мәлімдеме жасап, Қытайдың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы көршілерін қорқыту әрекеттеріне алаңдаушылы білдірді. Сондай-ақ, өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтау үшін өзінің одақтас серіктерімен тығыз ынтымақтастықты жалғастыратынын ала тартты.
АҚШ Мем. департамент өкілі өз елінің Тайуан қауіпсіздігіне баса мән беріп отырғанын білдірген. «Құрама Штаттар өзінің ұзақ мерзімдік мүдделерін сақтау негізінде, «Тайуан қатынастары туралы» заңда көрсетілгендей, АҚШ Тайуан халқының қауіпсіздігіне немесе әлеуметтік-экономикалық жүйесіне қауіп төндіру үшін жасалған кез-келген күш қолдану немесе мәжбүрлеу әрекеттеріне қарсы қабілетін сақтай береді», – деді Мемлекеттік департамент өкілі Эдуард Прайс.
Бұнымен Қытай ұшақтары алғаш рет Тайуан әуе күштерінің шарлау аймағына кіріп отырған жоқ. Былтыр жыл соңынан бері бұндай әрекеттер жиі қайталануда. Дегенмен, бір мезгілде 15 әскери ұшақтың Тайуан кеңістігінде пайда болуы сирек болып келді. Америкалық әскери сарапшылар бұны Қытайдың Тайуан әуе күштеріне қысым жасай отырып, олардың қарсыласуға деген ерлік-жігерін мұқалту әрекеті деп санайды.
Тайуан қауіпсіздігі АҚШ пен Қытай арасында теңдей аса сезімтал мәселеге айналды. Екі елдің технологиялық дамуы үшін Тайуанның маңызы аса зор болғандықтан қазір АҚШ пен Қытайдың қақтығыс нүктесі де Тайуан болады деген болжамдар көп.