Еуропалық одақ жақын арада Мьянма әскерилерінің хунта мүшелеріне экономикалық санкциялар салады. Бұл туралы Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Ұлттық жиналыста мәлімдеді.
«Еуроодақ екі ай бұрын әскери төңкеріс болған Мьянмадағы ахуалды жіті бақылап отыр. Сол кезден бастап елдегі жағдай нашарлады. Қайтыс болғандар саны артты. Мұндай репрессияда тек мәлімдемелермен шектелуге болмайды. Франция да, Еуропалық одақ та Мьянмадағы үкіметтік бағдарламаларға барлық көмекті тоқтатады. Франция сонымен бірге қазіргі қайғылы жағдайға тап болған халыққа көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін гуманитарлық қауымдастықтардың қолдауын күшейтеді», – деді француз министрі.
Францияның бастамасы бойынша Еуропалық одақ хунта басшысын қоса алғанда, әскери төңкерістің 11 ұйымдастырушысына қатысты шаралар қабылдауда. Одақ деңгейінде қабылданған экономикалық санкциялар Мьянма әскери күштерінің экономикалық мүдделеріне қарсы бағытталған.
Бирма деген атпен де танымал Мьянма 1 ақпан күнгі әскери төңкерістен кейін және азаматтық үкімет жетекшісі Аун Сан Су Чжи қамалғаннан соң дағдарысты өткеріп жатыр. Әскери билікке қарсы шыққандар аяусыз басып-жаншылып, соның нәтижесінде кемінде 500 адам қаза болды.
Халықаралық қауымдастықтың қысымы және Батыс санкциясы хунтаны бағытынан тайдыра алмады. БҰҰ-ның Мьянма бойынша арнайы уәкілі әскери төңкерістен кейін Мьянмадағы жағдай азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін дейді.