Бейсенбі күні Тоқаев бастаған үкімет мүшелері мен әкімдер көктемгі толқынның қайталануына байланысты жиын өткізді. Ол вакцинациялау науқанының баяулауына наразылық кейіп танытып, «тағы бір мәрте» ескерту жасағандай болды. Үкіметке сәуір айының соңына дейін мұрсат берді.

Тоқаев елде вакциналаудың сылбыр жүріп жатқанын сынап, мұның себебі вакцина тапшылығы екенін айтты.

Үкіметтің ресейлік «Спутник V» екпесімен елді қамтамасыз ететін уағдаластыққа қол жеткізгені жөніндегі мәліметіне иек артқанын алға тартты.

«Осы ақпарат бойынша жаппай вакцинациялау 1 ақпаннан басталады деп едім. Екі айда халықтың 0,2%-ға да жетпейтін бөлігі екпе алды. Енді шетелдердің басшыларымен қосымша вакцина жеткізу жайлы келісуіме тура келеді. Біз вакцина тезірек жеткізілуі үшін коммерциялық тұрғыда тиімсіз шарттарға келісуге мәжбүрміз» деді.

«Алексей Владимирович, бұған дейін сізге бүгінгі таңда денсаулық сақтау министрінің Үкіметтегі басты тұлға екенін, өкілеттілігіңіз ерекше екенін айтып едім. Жап-жақсы жұмыс істей бастадыңыз, бірақ кейіннен қарқын айтарлықтай әлсіреді. Сәуір айында жағдайды реттемесеңіз, көңіліңізді түсіретін «кадрлық шешім» шығаруға мәжбүрмін. Бұл тек министрге ғана емес, түгел үкіметке де қатысты», – деді Тоқаев Цой командасының сылбырлығына шүйлігіп.

Ол министрге елдегі вакцинациялау қарқынын арттыруға және эпидемиологиялық ахуалды жақсарту үшін бір ай уақыт берді. Оның айтуынша, әңгіме елдің ұлттық қауіпсіздігінде. Халық иммунитетін арттыру жұмысы тиімді ақпараттық-түсіндірумен қатар жүруі қажет. Мұндай маңызды іске  жалпыхалықтық вакцинацияны қолдайтын кәсіби мамандар мен белсенді азаматтарды көптеп тарту қажет деп санайды.

«Елде контагиоздығы жоғары мутацияланған үш штамның бары расталды. Сырқаттану өсімі жағдайы ауы және аса ауыр хәлдегі науқастардың, өлім жағдайының көбеюіне байланысты. Қатарынан бір уақытта дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар жетіспей жатыр. Орташа есеппен реанимация бөлімшелерінің 64%-ға ғана негізгі  стандарттар бойынша жабдықталған. Мына түрімен денсаулық сақтау жүйесіне тағы да шамадан тыс салмақ түсуі мүмкін», – деді президент.

Ол үкімет пен әкімдерге реанимация бөлімшелерін дереу жабдықтауды тапсырып, оған жауапты етіп орынбасарлары мен бас дәрігерлерді бекітуге міндеттеді.

«Кейбір өңірлерде сатып алынатын жеке қорғану құралдарының тапшылығы я сапасының нашарлығы байқалуда. Біз «СК-Фармация» басшылығын ауыстырдық. Дәл қазір жаңа жетекшінің  жұмысын көрсететін сәті туды. Олай болмаған жағдайда жұмыстан босатылады», – деді.

«Тыңдайтын мемлекеттің» кадрларына кейіген Тоқаев министрлікке дәрігерлерге берілетін қорғаныш құралдарының сапасы мен көлемін қатаң бақылауды тапсырды.

Ол ақпан айында әуерейстері арқылы ПТР анықтамасынсыз келетін жолаушылардың екі есеге артқанын хабарлады: «Былтыр қаңтарда 7,3% адам тест қорытындысынсыз келсе, қазір 27%-ға жетіп отыр».

Ресми мәлімет бойынша, ақпан және наурыз айларында 134 мыңнан аса адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бір дозасын, 38 мыңнан аса адам екінші дозаны алған. Министрлік екпе науқаны жоспар бойынша келе жатыр дегенімен сарапшылар вакциналау науқанының сылбыр жүріп жатқанын айтқан.

Тоқаев былтыр да «маусым-шілде қырғының» ортасында (29 маусым) елдегі коронавирустың өршуіне облыс әкімдері мен мемлекеттік орган жетекшілерін, министрлерді айыптай сөйлеп, оларға сөгіс пен ескерту берген еді. Сонда да жұрт шілдеде ауыр тауқіметке ұшырасты. Көп өтпей сарша тамызда президент үкіметке жағдайды түзеуге екі ай мұрсат беретінін, әйтпесе отставка қаупі төнетінін ескерткен.

Үкіметтің ең үлкен қателігі – «Маусым-шілде қырғыны» болған былтыр 2019 жылға қарағанда көз жұмғандар саны 22%-ға артып, 162,6 мың адамға жеткен. қан айналымы жүйесі (23%) мен тыныс алу органдарының (14%) ауруларынан қайтыс болғандар елеулі деңгейде көп. Сонымен бірге, жылда үлесі қарайып тұратын жазатайым оқиғалар мен көлік апаттарынан болатын өлім айтарлықтай азайған.

Санитариялық қызметтің бейкәсіби шешімдері жағдайды жақсартудың орнына, қиындатқан кезі болды. Қоғамдық көліктің қатарын кемітіп, тіпті транспорт қозғалысын шектеді. Техникалар мен мамандар жабық нысандардың орнына көше-даңғыл бойын дезинфекциялады. Бұл – экономикалық жағынан қомақты шығынға әрі қоғамдық көлік жеткіліксіз болғандықтан жолаушылардың тығыз топтасып қатынауына әкеп соқты.

Бұдан өзге ауырғандарды дұрыс есепке алып, коронавирустың бағдары жайлы сауатты статистика жүргізудің өзі көп машақат туғызды. Бір жаздың өзінде ресми статистика индикаторлары бірнеше рет түрленді. Министрлік шілде айына дейінгі әдеттегіден үш есеге ұлғайған пневмонияның 256 мың жағдайынан коронавирустық түрін ажыратудан бас тартты. Тоқаевтың статистикадағы кемшіліктер жөніндегі үш реттік сын-ескертпесі мен ақпарат құралдарының сұрақтарынан кейін біршама қателіктер түзетілді.

Десе де Тоқаев өзі жиі сынайтын үкіметтің пандемияға қарсы күресіне оң әрі жоғары баға берген.

Қазір елде вирус күшейген. Күн сайын тіркелетін науқастар саны 2 мыңға жуықтады. Шамамен 17-20 адам өлімі тіркеліп жүр. Алты аймақ вирус күшейген «қызыл аймақта» тұр. Үкімет ұсынған дерекке қарағанда, індет басталғалы 297,5 мыңға жуық адамнан коронавирус пен соған ұқсас пневмония анықталған. Осы аралықта вирус жұққандардың 5371-і (КВИ+ / U07.1 – 3060, КВИ- / U07.2 – 692, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1450 адамды жалпы статистикаға енгізбейді.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.

"The Qazaq Times"