Әлеуметтік желілердегі Ras Aitamyn зерттеу арнасы елорда "қызыл аймаққа" еніп, коронавирус індеті өршіп жатқан тұста астана әкімдігінің мемлекеттік бағдарламалар пропагандасы мен вируспен күресті БАҚ-та насихаттау үшін бюджеттен 287,5 миллион теңге жұмсамақ жоспарын анықтады.

"Мемлекеттік саясаттың әлеуметтік маңызды және басым бағыттарын іске асыру, оның ішінде коронавирус инфекциясымен күрес жайлы газетте және басылым сайтында ақпараттық материалдар әзірлеу" атты тендерді елорданың активтер мен мемлекеттік сатып алу басқармасы жариялап ұйымдастырып жатыр, ал тапсырыс беруші – астананың ішкі саясат басқармасы.

Тендер орыстілді және қазақтілді басылымдарға арналған екі лоттан тұрады. 287 млн 510 мың 428 теңге орыстілді және қазақтілді басылымға теңдей бөлінбек.

Тендерді ұтып алған басылым ең алдымен елбасы, президент, парламент, үкімет, елорда әкімдігі мен мәслихаттың жұмысы және президент жолдауындағы міндеттердің іске асып жатқанын насихаттайды. Сонымен қатар "денсаулық сақтау саласындағы (дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуін жақсарту, медициналық білім беруді модернизациялау) мемлекеттік саясаттың әлеуметтік маңызды және басым бағыттарын іске асыру мен елордада короновирус инфекциясына қарсы қабылданып жатқан іс-шараларды, қоғамдық сақтық шараларды, халықты вакцинациялауға ақпараттық қолдау" көрсетеді.

Өнім беруші тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен әбден жауыр болып, тізесі шыққан бағдарламалар – "Еңбек", "Нұрлы жер", "Нұрлы көш", "Рухани жаңғыру", т.б. жайлы мақалалар жариялайды.

Астана әкімдігіне түнеген көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналардың алдына шығуға жарамаған, уәждерін тыңдамаған Көлгіновтің әкімдігі "Халықтың әлеуметтік осал топтарын, ана мен баланы қорғауға арналған шаралар" мен Тыңдаушы мемлекет" тұжырымдамасы жайлы материалдарға да тапсырыс беріпті.

Сонымен қатар ақпарат құралы былтыр Қордай жанжалынан кейін басы дауға қалып, сынға алынған Қазақстан халқы ассамблеясының іс-шаралары мен "Мәңгілік Ел" ұлттық патриоттық идеясын және азаматтық ұстаным бойынша қазақстандық бірегейлік пен бірлікті насихаттайды.

Өнім беруші ішкі саясат басқармасының тапсырысымен маалалар негізінде 10-30 секундтық бейнероликтер әзірлеп, Youtube платформасында жариялайды.

Тендерге қатысатын басылымның бір жолғы таралымы – 5 000 данадан кем емес, жиілігі – аптасына 3 реттен кем емес, апталық таралымы - 15 000-нан кем емес, 8 беттен кем емес, форматы – D2 болуы тиіс. Бұл талаптарға әкімдікке қарасты "Elorda Aqparat" ЖШС-ға кіретін "Астана ақшамы" мен "Вечерняя Астана" басылымдары сай келеді. Бұл тендерді осы екі басылым алады деп топшылаймыз. Көлгіновтің әкімдігі пандемия басталғалы бері бір жылдың ішінде "Elorda Aqparat" ЖШС-ға 506 миллион теңге көлемінде тендер бөлген.

Жалпы, астана әкімдігі пандемия басталғалы бері пропагандаға 1,3 миллиард теңге жұмсаған.

Осылайша астана әкімдігі коронавируспен күресу үшін бюджеттің 684 мың доллардан астам қаржысын денсаулық сақтау саласы, төсек орындар қорына бағыттау орнына пропагандаға жұмсамақ.

"The Qazaq Times"