Сәрсенбі күні Мәжіліс отырысында Қазақстан халық партиясының депутаттары үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, ана капиталын енгізуді ұсынды.

Депутат Ерлан Смайыловтың айтуынша, елімізде ана мен баланы қолдауға арналған түрлі жобалар тиісті деңгейде олардың өмір сүру жағдайына әсер етіп отырған жоқ. ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сүйенсек, елімізде балалардың 15,6%-ы тұрмысы төмен отбасылардан, яғни бұл дегеніміз бір миллион бала әлеуметтік жағынан аз қамтылғанын көрсетеді.

«Мемлекет бір нәрсені анық түсінуі керек, бүгінгі кедей балалар – ол ертеңгі кедей мемлекет», – деді ол.

Депутаттардың ұсынысы бойынша әлеуметтік төлемдерден енді адам капиталын енгізіп, әр баласы бар отбасыларға инвестиция жасау керек.

«Қазақстанда әр балаға 4,2 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік төлемді ана капиталы ретінде берген дұрыс. Бұл қаражатты әр ана қажеттілігіне қарай баспана алуға, баланың білім алуына немесе зейнетақы жинағына салуға құқылы болуы керек», – деді Смайылов.

Олардың айтуынша, елімізде ана мен баланың жағдайын жасауға қаражат барынша көп бөлінсе, кедейлік қана емес, балалар арасындағы аурулар мен зорлық-зомбылық та кемиді.

Он күннен бері астана әкімдігінде наразылық танытып, түнеп жүрген бір топ ана отбасы табысына қарамай әр балаға ай сайын 42,5 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы тағайындалуын талап етіп келеді.

"The Qazaq Times"