АҚШ Алексей Навальный ісіне байланысты Ресейге санкция дайындап жатыр. Санкциялық тізім бүгін жарияланады. Ал Еуроодақ елдері санкция енізуді мақұлдады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Уашингтон енгізетін шектеулер 1991 жылғы химиялық және биологиялық қаруды бақылау туралы Заң (Warfare Elimination Act) мен арнайы жарлыққа сәйкес бекітіледі. Бірінші заңға 2014 жылы наурызда Барак Обама Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін қол қойған. Бұл құжат ресейлік шенеуніктерге санкциялар салу мүмкіндігін қарастырады. Ал екінші жарлыққа 2005 жылы жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы шара аясында қол қойылған.

«Құқықбұзу әрекеттері үшін Ресей Федерациясын жауапқа тарту туралы 2021 жылғы заң жобасы» деп аталатын құжатты сенаторлар Марко Рубио, Крис Кунс (Делавэр демократы), Бен Кардин (Мэриленд штатының демократы), Митт Ромни, Крис Ван Холлен (Мэриленд штатының демократы) және Ричард Дурбин бекіткен. «Заң жобасында оппозиция жетекшісі және Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың улануы мен түрмеге қамалуы – халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы. Сол себепті осы іске тікелей қатысы бар ресейлік шенеуніктерге санкциялар енгізу қарастырылған», – делінген хабарламада. Сондай-ақ, Вашингтон «ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың өлімі туралы есепті» де талап етіп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Байден әкімшілігінің бұл шешімі Мәскеуге «күшті сигнал» болмақ. Бұған дейінгі АҚШ президенті Навальныйдың улануы мен қамалуына байланысы Ресеймен диалог жүргізбеген. Демек, Байден адам құқықтары мәселесінде Трамптың саясатын жалғастырмайды. Бұл жолы санкциялардан кейін Ресей кейбір экспорттық лицензияларынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, осы аптада Еуроодақтың тұрақты өкілдері оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қудалауға қатысы бар делінген төрт ресейлік шенеунікке санкция салуды мақұлдады. Бұған дейін Ресей сырты істер министрі Сергей Лавров «Брюссель санкцияны күшейтсе, Мәскеу ЕО-мен қатынасты үзуге дайын» деген. Ресей билігі ЕО-ны елдің ішкі ісіне араласты деп айыптап, оппозициялық саясаткердің қамалуына саясаттың қатысы жоғын айтқан.

Еуроодақ енгізетін шектеулер Ресей тергеу комитетінің басшысы, федералдық қылмыстық жазаны атқару қызметінің директоры, Росгвардия бастығы, бас прокурына қатысты. Ресейде тергеу комитетін – Александр Бастрыкин, Росгвардияны – Виктор Золотов, федералдық қылмыстық жазаны атқару қызметін – Александр Калашников басқарады.

2 ақпанда Мәскеудің Симоновский аудандық соты Алексей Навальныйдың «Ив Роше» ісі бойынша алған шартты жазасын түрме жазасына алмастырды. Тергеу изоляторы мен үйқамақтағы мерзімін есептегенде оппозиционер колонияда 2 жыл 8 ай отырады. Сотқа Еуропаның 20 шақты мемлекетінің дипломаттары қатысты. Үкім шыққаннан кейін батыс елдері Ресей билігінің бұл әрекетін «еркіндік құқығы мен заң үстемдігіне жасалған ауыр соққы» деп сынға алып, Навальныйды бостауды талап етті.

"The Qazaq Times"