Қызметіне кіріскеніне көп болмаған Қырғызстан президентінің алдында елдегі ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай, азық-түліктің қымбаттауы, билік топтарының ортасындағы мәселелер тұрғаны белгілі. Дегенмен, Садыр Жапаровқа салмақ түсіретін елдік мәселелер бұл ғана емес. Аталғандарға қоса, көршілес Өзбекстан, Тәжікстан елдерімен болатын шекара мәселесін шешуі тиіс.
Шекара мәселесі қырғыз билігінің басын көп жылдан бері қатырып келеді. Кеңес дәуірінен бері шешімін таппай келе жатқан шекара тақырыбы ақыр соңында Садыр Жапаровтың алдынан шығып отыр. Былтыр ғана қырғыз бен тәжік арасында шекара жанжалы ушығып, қақтығыстың сәл-ақ алдында қалды.
Бұдан бір апта бұрын Баткендегі Ақсай ауылы мен Жалал-Абаттағы Көк-Серек ауылында көрші елдердің шекара бұзғаны туралы тұрғындар қырғыз үкіметіне шағымданған болатын. Артынша апта соңына қарай ондаған белсенді үкімет үйінің алдында шекара мәселесін шешу және көрші елдермен келіссөздердің ашық болуын, таласты мәселелер турасында үкіметтер арасындағы келісімдерді ашық жариялау талаптары бойынша наразылық акциясын да ұйымдастырған. Бұл оқиғалар Жапаров билігіне шекара мәселесінің басты күн тәріпте тұру керектігін тағы бір рет ескерткендей болды.
Қырғызстан Қазақстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстан қатарлы төрт елмен шекараласады. Солардың арасында Өзбекстан және Тәжікстанмен шешілмеген шекара тақырыбы бар. Әсіресе, оңтүстікте Баткен облысы шекара жанжалының ошағы деуге болады. Үлкен жақтан Қырғызстан территориясы болғанымен, қырғыз шекарасының ішінде қалып кетген өзбек пен тәжік ауылдары, шекара ішіндегі шекара сызықтары бар.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеев билікке келгеннен кейін қырғыз бен өзбек ағайындардың арасындағы шекара мәселесі бұрынғыдай емес келісімге қарай бет бұрды. Өзбек президенті өзінің алғашқы Бішкек сапарында шекара мәселесінде келісімді басты орынға қоятынын көрсетіп кетген. Жақында Алматыда өткен Еуразия үкіметаралық кеңесінің жиналысында өзбек үкімет өкілдері мен қырғыздың жаңа билік өкілдері кездесіп шекара мәселесін талқылады. Өзбекстан мен Қырғызстан премьер-министрлері арасындағы кездесуде екі ел арасында әлі шешім таппаған шекара сызықтарын құқықтық жақтан бірізділікке келтіру бойынша талқы жүрген. Бұл туралы қырғыз үкіметінің ресми сайты да хабарлаған еді. Бұлар мәселелердің ауырлығына қарамастан өзбек пен қырғыз арасында шекара дауы шешім табар ма деген үмітті жақындатқандай.
Ал, Қырғызстанның Тәжікстанмен шекара мәселесі әлі алға жылжымай тұр. Баткен облысында әр жылы жаз келісімен қырғыз-тәжік арасында жанжал басталады. Тіпті, бұл аймақтағы шекара дауын шешу жыл өткен сайын қиындай түсуде. Былтыр ғана Баткендегі шекара дауында оқ атылды. Шекаралас ауылдар тас лақтырысып, сойыл сілтескені де бар. Былтыр бір жылдың өзінде оннан астам түрлі деңгейдегі қақтығыс болған.
Қырғыздың жаңа лидері Жапаров президенттік үкіметкер кезінде де, ант беру кезінде де шекара мәселесі туралы сөз қозғаған емес. Бірақ, президент қызметін атқарушы болып тұрғанда Баткен облысына арнайы сапармен барғаны, шекара отырған жұртпен кездескені бар. Қалай болмасын, Жапаров өзі айтқандай қырғыз республикасын экономикалық, саяси дағдарыстан алып шығып, елді даму жолына салу үшін де басты мәселенің бірі шекара дауы болып қалмақ.