Бейсенбіде Минскіде Бүкілресейлік халық жиналысы ашылады. Биыл форум өткен жылғы президенттік сайлаудан кейін басталған саяси дағдарыс пен наразылықтарға байланысты өтеді. Сонымен қатар, ел Конституциясын өзгерту мәселесі талқыланбақ.

Александр Лукашенко жиналысқа қатысушылар негізгі заңға енгізілген өзгерістерді белгілейтінін және референдумның мерзімін жариялайтынны айтты. Шетелге кетуге мәжбүр болған Беларусь оппозициясы бұл шараны заңсыз деп сынға алып отыр.

Былтыр қарашада Александр Лукашенко жаңа Конституция қабылданғаннан кейін биліктен кетуге уәде берген. Бұл жөнінде ол: «Мен өзім үшін ешқандай Конституция жасамаймын. Сондықтан, сабыр етіңіздер. Біздің Конституция жоғары маңызға ие. Қазақстан, Ресей және біз қатаң Конституциясы бар үш озық мемлекетпіз, мұнда барлығы президенттің шешіміне байланысты. Мен жеке билігімді емес, елдің болашағын ойлаймын», – деді.

Ол Конституцияға түзетулер енгізуді және ондағы Республика президентінің өкілеттіктерін түзету керегін атап өтті. Сонымен қатар, «Еуропаның соңғы диктаторы» демократияны айналып өткен жоқ. «Демократия болсын дейсіңдер. Біз мұны Горбачев кезінде өттік. Біз барлығын – кәсіпорын басшыларын, директорларды сайладық. Ал нәтиже не болды? Ел жоғалып, Одақ құлады. Қазір бізге осы керек пе?», – деді Лукашенко.

Беларусь Конституциясына түзетулер енгізуді Лукашенко бұрыннан айтып жүрген. Қазанда ол оппозиция жетекшілерімен Конституцияға енгізілген түзетулерді талқылаған. Бұл талқыға 11 адам қатысты, оның ішінде Белгазпромбанктің бұрынғы басшысы Виктор Бабарико және оның ұлы Эдуард Бабарико, Үйлестіру Кеңесі Президиумының мүшесі Лилия Власова және оппозициялық штабтың үйлестірушісі Юрий Воскресенский.

Кездесу орны ерекше болды: оппозиция жетекшілері тергеу изоляторында болғандықтан, Лукашенко бұл тақырыпты сол жерде талқылады. Беларусь президенттігіне экс-кандидат Светлана Тихановская негізгі заңды яғни Конституцияны өзгерту идеясын қолдамады. «Бұл арқылы Лукашенко билік ету мерзімін ұзартпақ» деген Тихановская президентпен кездесуден бас тартты.

Өз кезегінде Кремль Лукашенконың заңды өзгерту жоспарын қолдады. Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров: «Конституциялық реформаға келетін болсақ, Ресей Беларусь президентінің бұл бастамасын қолдайды. Бұл заң арқылы қазір жалпыұлттық диалог үшін аса қажетті алаң құрылуда. Ел билігінің Конституцияға түзетулер енгізу бойынша азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, процеске халықты да қатыстырып отыр. Мұндай тәсіл мен оның мүмкіндіктерін елемеу  мүмкін емес», – деді.

"The Qazaq Times"