7 ақпан коронавирус жұққан 1003 адам, ал 6 ақпан коронавирус пневмониясына шалдыққан 18 адам тіркелді. Қазір елде 27 мыңнан астам адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 16 770, U07.2 немесе КВИ- бойынша 10 258) ауырып жатыр.
#U07.1 Вирус жұққандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша Алматы қаласы екінші қатарға шықты. Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – Павлодар (222), Ақмола (118), Алматы қаласы (114), БҚО (83), Қостанай (81), астана (75) облыстарында. Өткен тәулікте 843 адам ауруынан айғып, үйіне жіберілген, сондай-ақ 6 адам өмірден өткен.
#U07.2 Сенбі күні, яғни ақпанның 6-сы коронавирус пневмониясына жататын 18 науқас және 5 өлім жағдайы тіркелген. Пневмония анықталған науқстардың ең көбі – Жамбыл (6), Түркістан (5), БҚО (2), Ақтөбе, Маңғыстау және Алматы облыстары, астана мен Шымкент қаласына (әрқайсында бірден) тиесілі. Ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін пневмониядан айыққандар саны 246-ға артты.
#Жалпы Екінші толқындағы күнделікті көрсеткіш құбылмалы. Қаңтар айының ортасынан бері тәулігіне ұдайы мыңнан кем емес жағдай анықталуда. Мәселен, коронавирус пен осыған ұқсас пневмонияны қоса есептегенде өткен жұмада 1210 және сенбіде 1164 науқас анықталған.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 27 028 науқастың 5804-і ауруханада, 21 224-і амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 268 науқастың жағдайы ауыр, тағы 49 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 42 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. 26 желтоқсаннан бастап министрлік кемшілігін мойындап, ресми хабарламаның формасын өгертті. Статистиканың пневмонияға қатысты мерзімін көрсетіп жариялауға көшті.
(!) Пандемия модераторы – министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтарға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.
The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ресми мәліметтің реттелген нұсқасы деп санайды.
Осы қыстың басында бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген.
13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 191 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 48 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 243 мыңға жетсе, ал Ұлттық статистикада 244.5 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Осы уақытқа дейін КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар аймақтардағы көрсеткіші күнделікті, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріліп келген. QT бірнеше ай бойы министрлікке осы мәселені көтеріп, ондаған сұрау жолдаған. Ақпанның 3-інен бастап қана коронавирус пневмониясының күн сайынғы аймақтардағы есебі таратылып жариялануға көшті.
Әзірге вирус таралу қатері жағынан Ақмола, Павлодар облыстары мен астана – қызыл; Атырау, БҚО, СҚО, Қостанай облыстары – сары аймақта тұр.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4246-сы (КВИ+ / U07.1 – 2601, КВИ- / U07.2 – 584, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қоғамда былтырғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-шы орында тұр.