Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстанға ресми іссапар барысын талқылады.
Тоқаев Жапаровты Қырғызстан президенті лауазымына сайлануымен құттықтады. Тараптар достыққа, тату көршілікке және стратегиялық әріптестікке құрылған қазақ-қырғыз қатынастарының беріктігін нақтылап, екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру мақсатында бірлесуге дайын екенін айтты. Сонымен қатар, қырғыз президенті өзіне Назарбаевтың құттықтау хат жібергені үшін алғыс білдірді.
Бұған дейін Жапаров мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапары Қазақстаннан басталатынын айтқан. Бірақ бірінші кезекте Ресейге баратыны белгілі болды.
28 қаңтарда Қырғызстанда жаңа президенттің инаугурациясы өткен болатын. Шараға Қазақстаннан қазіргі емес, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев шақырылған. Алайда Назарбаевтың өзі шарада бой көрсетпеді. Оның құттықтау хатын рәсім кезінде Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев оқыды.
Былтыр қазанның басында Қырғызстанда парламенттік сайлау нәтижелеріне қарсы жаппай наразылық акциялары басталды. 6 қазанға қараған түні Жапаров жазасын өтеп жатқан Шу облысындағы колониядан өз жақтастарымен босатылды. Сол күні Қырғызстанның Жоғарғы соты оның үкімін жойды.
14 қазанда Парламент депутаттары Садыр Жапаровты Қырғызстанның премьер-министрі етіп бекітті. Президент Сооронбай Жээнбеков Үкіметтің жаңа құрамын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Кабинеттің бұрынғы басшысы Кубатбек Боронов республикадағы ішкі саяси жағдайдың ушығуына байланысты өз еркімен қызметінен кетті.
15 қазанда президент Сооронбай Жээнбеков оппозицияның қысымымен отставкаға кетті. Конституцияға сәйкес, жаңа сайлау өткізілгенге дейін мемлекет басшысының міндеттерін парламент спикері атқаруы тиіс еді. Алайда спикер Қанатбек Исаев президенттің өкілеттігін премьер-министр Садыр Жапаровқа берді.