Қытай үкіметі Тайуанға (Тайвань) қарата ескерту жасап, егемендік алуға жасалған қандай да бір қадамның арты соғысқа алып келетінін айтты. Қытайдың ресми ақпарат құралдары таратқан хабарда Тайуан және оны қолдаған «сыртқы күштер» «Үлкен Қытай принципін» бұзуға әрекет етіп жатқаны сынға алынған.
Соңғы кездерде Қытайдың Тайуанға дипломатиялық, экономикалық және әскери қысымдары артты. Қытай әуе күштеріне тиесілі соғыс ұшақтары арал кеңістігіне күн сайын кіріп, Тайуан әуе қорғаныс күштеріне қысымды күшейтуде.
Қызметіне кіріскеннен кейін Жо Байден Тайуанды қолдау туралы ниетін білдірген болатын. Уашингтон Бейжіңнің кезекті мәлімдемесін сабырсыздану деп атап, бұның соңы тіресуге алып келетінін ескерткен.
Президент Трамп тұсында АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы алшақтап, екі ел ортасында сауда соғысы және технологиялық қақтығыстар, бірқатар дипломатиялық қайшылықтар да болған еді. АҚШ-тың жаңа билігі де Қытайға қарата адам құқығы, әділетсіз сауда саясаты, Тайуан мен Гонконг және өзге де мәселелер бойынша қатал позициясын жалғастырады деп күтілуде.
Тайуан тақырыбы барған сайын халықаралық үлкен қайшылыққа жақындай түсуде. Қытай Халық Республикасын құрушы коммунистік билік Тайуанды Қытайдың бір провинциясы деп санайды және дербес халықаралық байланыстар орнатуына қарсы шығып келеді. Тайбей билігі болса Тайуан Қытайға тәуелді емес, дербес ел деп санайды. Аралды елдің өзіндік конституциясы, демократиялық басқару режимі, берік демократиялық жүйесі және дамыған экономикасы мен біршама қуатты армиясы бар.
Сарапшылардың айтуынша, ресми Бейжің Тайуанның дербестікке ұмтылған әрекеттерінен қатты алаңдайды. Тіпті, Тайуанның ресми тәуелсіздігін жариялап жіберуден алаңдап Қытай билігі қазіргі Тайуан президент Цай Иыңвын ханымды түрлі жолармен қорқытып келеді. Бірақ, президент Цай бұған дейін де бірнеше рет Тайуанның дербес мемлекет екенін айтып келген.