АҚШ-та Жо Байденнің инаугурациясына екі күн қалды. Бұдан бұрын Капитолийді басып алу және бүліктер кезінде бірнеше адамның қаза табуы Уашингтон жұртшылығын алаңдатып отыр. Сондықтан да Құрама Штаттың ұлттық ұлан күштері жер-жердегі жасақтарын орталық қалаға аттандыруда.
АҚШ президент Дональд Трамптың маңындағы ақпарат көздеріне сілтеме жасаған америкалық басылымдар Жозеф Байденнің инаугурациясынан бұрын Трамп бас қаладан шығып кетеді деген мәліметтер таратты. Байден сәрсенбі күні АҚШ президенті ретінде ант беріп қызметіне кіріспек. Байденнің ант беру рәсіміне қатыспайтынын Трамп бұған дейін де айтқан болатын.
Федералдық Қауіпсіздік қызметі 16-20 қаңтар арасында барлық штаттардың орталық қалаларында радикалды топтардың дүрбелеңі болуы мүмкін деп ескерту жасады. Америкалық басылымдардың жазуынша, кейбір қалалардағы үкімет ғимараттары есік-терезелерін темір торлармен қоршауға кіріскен. Бірқатар аймақтарда топталып митинг ұйымдастыруға рұқсат берілмеген жағдайлар да болды. Соған қарамастан, Трамп жақтастары бірнеше қалада наразылық шерулеріне шықты. Бірақ, қақтығыс болған жоқ.
Огайо штатындағы Конгресс ғимаратының алдына жиналған наразы топ өздерінің қару алып жүру құқығын қорғау үшін жиналғандарын айтқан. Boogaloo аталған қозғалыстың кейбір мүшелері осыған дейін биліктің Жо Байденге өткеріліп беруіне құралдық қарсылық көрсетуге шақырғаны бар. Ал, өзге де құралды топтардың наразылығы Техас, Орегон және Мичиган штаттарында өткен болатын.
АҚШ заңы елдің орталық қаласында құрал алып жүруге тыйым салады. ABC хабарында Уашингтон полициясы Капитолий маңынан 25 жастағы азаматты құралымен қолға түсіргенін хабарлады. Полицияның кейбір шектеулеріне және қауіпсіздікке қарсы түрлі шараларына қарамастан АҚШ-тың бірқатар штаттарында Трамптың биліктен кетуіне наразылар құралды қарсылық көрсетуге дайын екенін білдірген.