Қытайдың жаңа коронавирусқа қарсы Sinovac варкцинасы Бразилияда клиникалық сынақтан өтіп жатқаны белгілі. Сынақтың соңғы кезеңінде қытайлық вакцинаның өнімділігі 50,38 пайыз деп көрсетілді. Бұл осыдан бұрын жарияланған алғашқы нәтижелерден 30 пайызға төмен.

Өткен аптада Бразилиядағы вакцинаны әзірлеуге және сынақтан өткізуге жауапты Сан-Паулудағы Бутантан институты (Instituto Butantan) аталған қытайлық вакцинаның өнімділігі 78 пайыз, әрі ауыр сырқаттарға толық қорғаныс беретінін мәлімдеген болатын. Ал, 12 мың 508 ерікті қатысқан Kexing Biotech вакцинасының өнімділігі 100 пайызды құрады.

Бутантан институтының аға ғылыми қызметкері Рикардо Палакиос (Ricardo Palacios) екі күн бұрын Kexing Biotech вакцинасы Бразилиядағы вирус алып келген ауыр дағдарыстан шығаратын бірден бір жол деп атады.

Бірақ, Бразилия үкіметінде қазірге дейін ел халқын вакциналаудың нақты бағдарламасы жоқ. Ел президенті Жайр Болсонаро үкіметі вакцина шығаруды кешіктіргені үшін сынға ұшырап жатыр. Көршілес Аргентина мен Перу болса Pfizer вакцинасы мен ресейлік Спутник V вакцинасын қолдануды насихаттай бастады. Болсонаро үкіметі өткен аптада ғана Бутантан институтымен 2021 жылдың соңына дейін 100 миллион вакцина тарату туралы эксклюзивті келісімге қол қойды. Бірақ, қытайлық вакцинаның Бразилияда жолы бола қоймады.

“The Qazaq Times”