Коронавирустың мутацияға ұшыраған түрі Германияда да тіркелді. Вирусы анықталған Баден-Вюртембергтегі отбасы Оңтүстік Африкадан келіп, карантинде болған.
Қазір мұнда вирустың жаңа түрін жұқтырған адам саны – 6. Германия канцлері Ангела Меркель шектеу шараларын қатаңдату туралы шешімге келмек.
Желтоқсанның аяғында Ұлыбританияда шыққан коронавирустың өзгерген жаңа түрі Нидерланд, Дания және Австралияда да тіркелді. Мәліметтер бойынша, вирустың жаңа штамы адамдар арасында 70%-ға тез тарайды. Бірақ қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен ерекшеленбейді. Англияның бас дәрігері, профессор Крис Уитти Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ескерту жібергенін және шұғыл зерттеу жасалып жатқанын жеткізді. Жаңа штамм алдыңғы коронавирусқа қарағанда адамдарға тез жұғатыны анықталған. Әлемнің көптеген елі корольдікпен әуе қатынасын тоқтатып, бұл елдерден келген адамдарды қатаң тексеруге кірісті.
8 қаңтарда вирустың мутацияға ұшыраған түрі Еуропаның 22 елінде тіркелген. Кейіннен Ресейде де тіркелді. Соңғы аптада жаңа штамм кез келген жастағы адамдардан анықталып жатыр. Сондықтан ол бүкіл әлемге тарап, Ұлыбританиядағыдай басты коронавирусқа айналу қаупі бар. ДДСҰ Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюге: «Коронавируспен күресте ұжымдық иммунитет маңызды рөл ойнауы тиіс. Бірақ бұл нәтижеге жетпес үшін алдымен вирустың таралуын азайту қажет. Себебі вакцина дертке қаншалықты ұзақ тосқауыл қоя алатыны әлі беймәлім», – дейді.