АҚШ вице-президенті Майк Пенс Дональд Трампты биліктен кетіруден бас тартты. Тиісті мәлімдеме Ақ үйдің АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосиге жолднған хатта жазылған.

Конституциядағы 25-түзету бойынша Пенс Трампты ығыстырып, мемлекет басшысы міндетін уақытша атқаруға құқығы бар. Бірақ Пенс өз мәлімдемесінде: «Мұндай шешім біздің еліміздің мүддесіне сай емес. Өткен аптада мен сайлау нәтижелерін анықтау үшін конституциялық өкілеттіктерімнің шеңберінен шыққан жоқпын. Енді мен Өкілдер Палатасының еліміздің өміріндегі осындай маңызды уақытта саяси ойын бастауына жол бермеймін», – деді.

АҚШ Конституциясындағы 25-ші түзетуге сәйкес, вице-президент президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда мемлекет басшысы қызметін атқара алады.

6 қаңтарда Трамптың жақтастары Конгреске басып кірген кезде Майк Пенс қарашадағы президенттік сайлаудың нәтижелерін бекіту жөніндегі бірлескен отырысқа төрағалық еткен. 7 қаңтар АҚШ Конгресі сайлаушылардың дауысын есептеп, 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын шығару үшін жиналған болатын. Сайлауда демократтар партиясының өкілі Джо Байден жеңіске жеткен еді. Алайда бұған дейінгі президент Дональд Трамптың жақтастары жаппай наразылық акциясын бастап, олардың бір тобы Конгресс ғимаратына басып кірді. Шеруге шыққандар полициямен қақтығысып, 4 адам қаза тапты.

12 қаңтарда Дональд Трамп Джозеф Байденнің инаугурациясы қарсаңындағы қауіпсіздік шараларына байланысты төтенше жағдай жариялап, Вашингтонға федералды көмек жіберді. Бұл шешім федералды билікке жеделдетілген түрде қалаға көмек ретінде қаражат бөлуге мүмкіндік береді. Әдетте, мемлекет басшылары табиғи апаттардың салдарын жоюға көмектесу үшін осындай төтенше жағдай енгізеді.

Капитолий шабуылынан кейін демократтар Трампқа импичмент жариялауға дайындық бастады. Олар Уашингтонда демонстранттардың митингін Трамп ұйымдастырды деп айыптап отыр. 2019 жылы «өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін» Трампқа алғаш рет импичмент жарияланған болатын. Демократтар жариялаған импичменттен кейін республикашылдар Ақ үй басшысын ақтап шығып, Трамп қызметін жалғастырды.

"The Qazaq Times"