Полиция Алматы қаласындағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының журналистері мен құқық қорғаушысының кешкі аязда Абай және бұрынғы Фурманов даңғылының қиылысында екі сағат бойы жолын бөгеп, жүруіне кедергі жасады.
Редакция тілшілері оқиға орнына барып, жағдайды көзімен көрді. Инга Иманбай, Андрей Свиридов және Есдәулет Қызырбекұлының алдынан бір топ полицей шығып, емін-еркін жүріп-тұруын шектеген.
Иманбайдың айтуынша, жеті сағаттан астам арнайы жасақтың қоршауында болған Демпартия бастамашыл тобына ас-су алып бармақ болған. Жол-жөнекей он шақты полицей ізіне түскенін айтады. Оларға тәртіп сақшысы полиция көлігіне отыру жөнінде талап қойған.
«Менің бала-шағам бар, үйге барайын десем, екі сағаттан бері бізді жібермей тұр. Не митингтегі адамдарға баруға жібермейді, не такси ұстайын десек оған мұрсат бермейді. Тек қызметтік көлікке отырасыңдар деп жібермей тұр еді, енді сендер келгесін жіберіп тұр. ...Мен ұсталғанмын ба десем, жоқ дейді. Бірақ көлік ұстайын десем, алдымыздан бөгеуге тырысты», – дейді Инга Иманбай.
«Повесткамен болмаса, полиция көлігіне жайдан-жай принципті түрде отырмаймын» деген құқық қорғаушы-журналист күштік құрылым өкілдерінің бұл әрекетін жеке құқығына қол сұғу деп санайды.
Полиция капитаны, басқарма бастығының бірінші орынбасары Майлықбаев Дәурен Аманжолұлы ешкімді ұстап тұрмағанын айтып, басын алып қашуға тырысты.
Бірақ жуналистердің көзінше «Ұстап тұрғамыз жоқ, жіберіп жатырмыз ғой. Білмедім, мінекей, барсын. Ешқандай хаттама толтырылған жоқ. Барсын баратын жеріне. Басқа сұрақтар бойынша баспасөз қызметіне жүгініңіз», – деп қысқа қайырды.
Сағат 19.00-ге қарай көлікке отырып кеткен тілшілердің ізінше бір топ полицей қызметтік көлікпен кетіп қалды.
Президент Тоқаев сайлау күнгі сөзінде наразыларға қарсы «репрессиялық шараларға жол берілмейтінін» айтқан. Дегенмен жексенбі күні тек бейбіт митингке жиналғандардан бөлек, сайлау барысын бақылауға ынталы тәуелсіз байқаушылар мен БАҚ өкілдеріне әртүрлі қысым жасалды.