Қырғызстанда 10 қаңтар күні президенттік сайлау өтпек. Қазір елдің барлық билігін өзіне топтастырған Садыр Жапаров та президентке үміткер қатарында сайлауға қатысады. «Орталық Азия Баромертрі» атты тәуелсіз ұйым елде 9-17 желтоқсан аралығында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Нәтижесінде елдің 80 пайызы президенттік басқару жүйесін қолдайтыны белгілі болды.
Президенттікке үміткерлер ретінде Садыр Жапаровпен қатар «Бүтін Қырғызстан» партиясының жетекшісі, саясаткер Адахан Мадумаров та бар. Алайда, сауалнамаға қатысқандардың 3 пайызы ғана Мадумаровқа дауыс беретінін білдірген екен. Жапаровты қолдаушылар 64 пайыз деп көрсетеді аталған ұйым.
Сауалнамаға қатысыушыларға елдегі саяси және экономикалық жағдай, 5 қазандағы биліктің алмасуы, алдағы сайлау мен референдумға деген көзқарасы, үкімет, сот, Жоғарғы кеңеске болған сенімдері, ел басқару түзіміне және сайлауға түсіп жатқан саясаткерлерге деген көзқарастары туралы сұраулар қойылған.
Нәтижесінде, сауалнамаға қатысушылардың 58 пайызы биліктің алмасуын толығыменен қолдаған, 73 пайызы 10 қаңтардағы президенттік сайлауға дауыс беруге ниетті, оның 64 пайызы Жапаровтың президент болуын қолдайды. Сондай-ақ, қазіргі сасаткерлерге деген сенімді бағалауда 48 пайыз қатысушының Жапаровқа сенетіні белгілі болған. Дегенмен, респонденттер арасында Жапаровты сайлаудағы әділдік пен теңдікті бұзып жатыр деп айыптайды.
Ал, қатысушылардың 80 пайызы президенттік басқаруды, 14 пайызы парламенттік басқаруды қолдайды. Конституцияны өзгерту бойынша референдумды 76 пайыз адам қолдайды, 7 пайыз қатысушы референдум турасында білмейді. Бұған дейін Қырғызстандағы бірқатар институттар мен саяси топтар конституциялық референдумның өзі конституцияны өрескел бұзумен өтіп жатыр деп айыптағаны мәлім.
Сарапшылардың пікірінше, сауалнама нәижесі Қырғызстандағы әлеуметтік саяси жағдайды көрсетіп отыр. Сауалнама бойынша бір адамның басым дауысқа ие болып тұрғаны оның өңірлердегі танымалдығымен байланысты деп санайды Қырғызстан саясаттанушылары.