Қазақстанда 15 желтоқсан 749 адам коронавирусқа, 14 желтоқсан 181 адам коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталған. Қазір елде 25 мың адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 13 358, U07.2 немесе КВИ- бойынша 11 922) ауырып жатыр. 

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – астана (86), Павлодар (80), Алматы (77), Қостанай (70), Ақмола мен СҚО (әрқайсы 70-тен) өңірлерінен. Өткен тәулікте 1122 адам ауруынан айғып шығып үйіне жіберілген, сондай-ақ 7 адам өмірден өткен.

#U07.2  Алдыңғы күні, яғни желтоқсанның 14-і коронавирус пневмониясына жататын 181 жағдай тіркелген. Оған қоса, дүйсенбі күні 158 адам емделіп шыққан.

#Жалпы  ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 25 280 науқастың 4163-і ауруханада. Тағы 21 117 адам амбулаторлық терапияда. Министрлік ресми хабарламаны жаңартты. Онда ауырып жатқан балалар туралы ақпарат алынып тасталған. Және коронавирус пневмониясының мерзіміне байланысты айлап қолданылған қателік түзетілмеген.

Ахуалы нашар 251 науқастың арасында 38 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 46 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Қазақстанда коронавирус пневмониясы («КВИ-» – QT) бір күнге кешігіп жарияланғанына қарамастан, «өткен тәуліктегі» дерек деп беріледі. Мысалы, сәрсенбі күні таңда коронавирус сияқты сейсенбінің емес, дүйсенбі күнге тиесілі мәлімет беріледі. Бірақ неге екені белгісіз «алдыңғы» деп берудің орнына ресми ақпараттарда «өткен тәулікте» деп жазылады. Осыған дейін елдегі коронавирус жағдайы туралы ресми ақпарат көзі болып саналатын coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат ресурстарында жарияланған деректер төрт айдан бері қате беріліп келгені жайлы ұстанымымызды бөлісіп, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. Дегенмен әлі күнге дейін кейбір басылымдар екі күнге тиесілі деректі бір күнге теліп хабарлап келеді.

The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ең шынайы нұсқа деп санайды.

Астана және Атырау облысы «қызыл аймақта» тұр. Павлодар, СҚО, БҚО, ШҚО, Қостанай, Ақмола облыстары мен Алматы қаласындағы эпидемия ахуалы «сары аймақта». Басқа өңірлер жасыл аймақта.

9 желтоқсан денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар-дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау кезеңі туралы жаңа болжамын бөліскен. Оның айтуынша, екінші толқынның шарықтау кезеңі 2021 жылдың қаңтар және ақпан айларына сәйкес келеді.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 143 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 44 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 186 мыңға жетсе, ал Ұлттық статистикада 188 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3389-ы (КВИ+ / U07.1 – 2159, КВИ- / U07.2 – 466, ілеспе аурулардан – 764) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 764 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізімінде 44-ші орында тұр.

"The Qazaq Times"