АҚШ-та халыққа коронавируске қарсы екпе салу басталды. Мәліметтер бойынша, Pfizer және BioNTech компанияларының препараттары елдің 145 медициналық орталығына жеткізілмек.

Осыған байланысты мәлімдеме жасаған АҚШ президенті Дональд Трамп: «Біз небәрі 9 ай ішінде тиімді әрі қауіпсіз вакцинаға қол жеткіздік. Бұл тарихтағы ең ірі ғылыми жетістіктердің бірі. Препарат миллиондаған адамның өмірін сақтап қалады. Біз вакцина жасаумен айналысатын компанияларға көп ақша бөлдік. Енді міне, нәтижесін көріп отырмыз. Америка халқы атынан ғалымдарға, дәрігерлер мен барлық мамандарға алғысымды айтамын», – деді.

12 желтоқсанда АҚШ-тың құзырлы органдары Pfizer және BioNTech компанияларының коронавирусқа қарсы вакцинасын төтенше жағдайларда қолдануға рұқсат берді. Препаратты алғашқы болып медициналық қызметкерлер мен қарттар алады деп жоспарланып отыр. Өткен аптада Ұлыбритания билігі де вакцинаны қолдануға рұқсат берген.

Сынақтан сәтті өтіп, коронавирусты емдеуде 90%-дан артық дәлдік көрсеткен вакциналар қатарында Pfizer, BioNTech фармацевтикалық компаниясы жасаған екпе және америкалық Мoderna екпесі бар. Америкалық Pfizer және оның германиялық серіктесі BioNTech компаниясы бірлесіп әзірлеген вакцинаның тиімділігі клиникалық сынақта 90%-дан астам оң нәтиже көрсеткен.

Жыл соңына дейін вакцина 40 миллион американдыққа салынуы тиіс. Осы күнге дейін аталған екі перпаратты өз аумағында қолдануға 6 ел рұқсат берді. Солардың қатарында АҚШ-тан бөлек Ұлыбритания, Мексика, Канада, Бахрейн мен Сауд Арабиясы бар. Еуроодақ елдерінде вакцинаның сапасына қатысты тексеру әлі жалғасып жатыр. Ол 29 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.

"The Qazaq Times"