Zertteu Research Institute қоғамдық қорының мәліметінше, Қарағанды облысында жартылай бетперденің әр данасын 68 мың теңгеден сатып алған. Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы азаматтық қоғам алдында ағынан жарылды.
Тапсырыс беруші Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық арнайы медициналық жабдықтау базасы» бетперденің бір данасына 68 мың теңге жұмсаған. Барлығы 200 данаға мемлекет қазынасынан 13,6 млн теңге төлем жүргізілген.
Тауардың техникалық ерекшелігі толық сипатталмаған:
«Аэрозольден қорғайтын фильтрі бар 3М жартылай бетперделері.
Қатты бөлшектердің ауадағы үлесі шамадан тыс көп болуы мен булануы қиын сұйық бөлшектерден жұмысшылардың тыныс алу органдары зиян шегетін жағдайда, солардан жақсы қорғану мақсатында қолданылады. Көмір шаңдарынан қорғайтын сүзгісі бар» делінген мемлекеттік сатып алуға арналған ресурстағы хабарламада.
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ержан Нұрлыбаев қоғам талқысына түскен «қымбат та күмәнді бетперде» туралы мәселеге пікір білдірді. Оның айтуынша, масканы қолданған дәрігерлердің бірде-бірі инфекция жұқтырмаған.
«Бұл жай ғана маска емес, адамның бет-жүзін толық жауып тұратын ерекше үлгідегі бетперде. Қауіпсіздік-қорғаныш деңгейі жоғары болғандықтан, реанимация бөлімінде жұмыс істейтін дәрігерлерге арнап алынды. Әйнек жақтауы көру жиегін кеңейтеді, тыныстауға да жеңіл. Жұқпалы аурулар ауруханасында қызмет ететін мамандардың вирус жұқтыру қатерін азайтуға көмек береді. ...Қазақстан үкіметі мен ведомствоаралық комиссияның тізімімен расталған. Әлеуметтік желіде жарияланғандай біз мемлекеттік сатып алу талабын бұзғамыз жоқ. Барлық нормалар бойынша бір көзден сатып алынды. Басқарма бюджеттің тиісті әрі заңды жұмсалуына мүдделі екенін айтқымыз келеді», – дейді тапсырыс берген басқарманың бастығы.
Мұны алуға білікті реаниматолог-дәрігерлер ұсыныс бергенін айтады. 200 данасы да мамыр-маусым айларында облыс аумағындағы барлық реанимация бөлімдеріне таратылған. Кейбір реаниматологқа бірнеше данадан үлестірілген. Кейін қайта сатып алынбауының себебі – індет қарқыны бәсеңдегендіктен қажеттілік тумаған. Дәрігерлер жарты жылдан бері өңдеу әдісімен әлі пайдаланып келеді-міс.
Ол көпшілік назарына іліккен бетпердені «ең заманауи әрі қауіпсіз» үлгісі деп санайды. 68 мың теңге деген сома туралы «сол кездегі ең тиімді бағаға ең оптимальді моделін алғанымызға күмәніміз жоқ» дейді. Бетперде құнына байланысты Нұрлыбаевтың айтар уәж бар:
«Көктемгі бірінші толқын кезіндегі және қазіргі таңдағы бағаны салыстыру шындыққа жанаспайды. Бір реттік бетперденің бағасы көктем-жазда қандай болғаны есімізде, қазір мүлдем басқа... Дәл бірінші толқындағы қарбалас кезде бұдан арзанын табу мүмкін емес еді».
Баға жағынан да ұтылмағанын алға тартқан басарма басшысы сапасына сенімді.
«Бәсі жоғары» бетперденің жарамдылық мерзімін, қанша уақыт қолданылуға болатыны жөнінде білмейтінін жеткізді. Нұрлыбаев шамамен үш-төрт аптаға жарап қалар деп топшылайды. Тауардың шығарылған елі жайлы ақпарат та анық емес: «Сүзгіде өндіруші Латвия, Литвадан делінген... Масканың өзі қайдан екенін әзірге білмеймін».
Редакция сұрағына жауап берген басқарманың баспасөз қызметінің дерегінше, бетперде Польшада өндірілген. Сондай-ақ, 200 бетперденің түгелі алты бірдей медициналық ұйымға жеткізілген деседі.
«Қарағанды облыстық балалар клиникалық және ҚОДСБ Облыстық клиникалық ауруханалары, Жезқазған көпбейінді, Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді, Сәтпаев және Балқаш қалаларының орталық емханаларының мамандарына берілген».
Басқарма наурыз-сәуір айларында аталған маска нарықта 69 300-69 800 теңге аралығында саудаланғанына сендіруге тырысады.