АҚШ және бірқатар Батыс елдерінің ақпарат агенттіктері Трамптың Байденге билікті өткізіп беруге келісім берді деген хабарларды таратты. Дегенмен, Трамптың әлеуметтік желідегі мәлімдемелері бұған толықтай сәйкес келмеді.
АҚШ-тың билік алмасу кезіндегі қызметтерді үйлестіретін Жалпы қызметтер агенттігі (GSA) деген құзіретті органы кеше мәлімдеме жасап, Байден командасы билікті өтеріп алу процедурасын бастау үшін қажетті ресурстар мен қызметтерге қол жеткізе алатынын хабарлады. Сондай-ақ, президент Трамп аталған органға өз жұмысын атқаруға тапсырма да берген.
GSA-тың қазіргі директоры Эмили Марфи ханым Байденге жазған хатында: ««Жалпы қызметтердің директоры ретінде мен сайлаудан кейінгі белгілі бір ресурстар мен қызметтерді президенттің тапсыруына көмектесу үшін 1963 жылғы қайта қаралған Президентті тапсыру туралы заңға сәйкес ұсына аламын», – деп жазған екен. Ол сондай-ақ, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтынын айта келіп: «Соңғы құқықтық қиындықтар мен сайлау нәтижелерін куәландыру прогрессіне байланысты, сіз тиісті ресурстар мен қызметтерге қол жетімді екеніңізді растап осы хатты жолдап отырмын», – деп жазған.
Әдетте аталған орган жаңа сайланған президентке қажетті ресурстар мен қызметтерді пайдалану мүмкіндігін сайлау өте салысымен беріп жатады. Бірақ, биылғы даулы сайлауға байланысты олай болмады.
Трамп өзінің «Твиттердегі» парақшасында Эмили Марфиге түрлі қысым мен бопсалау әрекеттері болды деп мәлімдеді. Ол GSA-ге оның директоры мен қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін сондай тапсырма бергенін, алайда сайлау нәтижесі үшін күресті жалғастыратынын жеткізген.