16 қарашада Алматы қаласының әкімшілік сотында «ДАТ» газетінің жетекшісі, журналист Ермұрат Бапидің өтуі тиіс соты тоқтатылды.
Ол бүгін таңертең сағат 10:00-да іспен таныспақ мақсатпен сотқа барған. Белгілі журналистің сөзінше, Медеу аудандық полиция басқармасының өкілі оған істің тоқтағанын хабарлап, «Аға, сіз боссыз, мен сізді шығарып салу керекпін» деп шығарып салған.
Ермұрат Бапи мұны өзін митингіге қастыстырмас үшін жасалған «әкімшілік айла» деп санайды. Соттан істің не себепті тоқтатылғанын түсіндіруді талап еткен белсендіге ешқандай тұщымды жауап берілмеген.
«Қазір белгілі болып отыр, мені Жанболат Мамайдың митингісіне жібермеу үшін ұстаған. Алдында Төреғожина мен Ағелеуовтың митингісінде мен сөйлегенмін. Онда Қазақстандағы саяси реформа, модернизация, Назарбаевтың биліктен кетуімен байланысты екенін, ол кетпей ешқандай өзгеріс болмайтынын, өзгеріс болу үшін ол зейнетке шығып, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілетін үкіметке қайтарып беру керек деп айтқанмын. Содан болуы керек, мына митингте де «радикальный» дүние айтама деп, жібермей қойды», – дейді Бапи ақпарат құралына берген пікірінде.
Өткен сенбі саяси реформалауды талап еткен Демпартия мен «Бәсе» YouTube арнасының шақыруымен Алматыда санкцияланған митинг өткен. Шерудің басталуына бірер сағат қалғанда Ермұрат Бапи жолай ұсталып, үстінен Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша (Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу) іс қозғалғаны хабарланған. Журналист мұны қарашаның 13-і құқық қорғаушылар «саяси құрбан» санайтын Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділдің мезгілсіз қазасына аза тұтып, заңда белгіленген шеру аймағына барғаны үшін қозғалғанын айтады.