Әзірбайжан, Армения және Ресей Таулы Карабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісімге қол қойды. Уағдаластық бүгіннен бастап күшіне енді. 

Құжатқа сәйкес аймаққа Ресей бітімгерлері кіргізіліп, Армения Әзірбайжанға 20 қарашаға дейін Агдам және Газах ауданында армяндардың қолындағы жерді қайтарып беруге келісті.

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев:«Мен өз тарапымнан бүгін Армения мен Әзірбайжан арасында көп жылдан бері жалғасып келе жатқан қақтығыс шешілгеніне қуаныштымын. Біз ортақ шешімге келдік деп ойлайымн. Бұл уағдаластық аймақта бейбітшілік пен келісім орнатып, текетірес пен қантөгісті тоқтататынына сенемін», – деп мәлімдеді.

Фейсбук парақшасында мәлімдеме жасаған Никол Пашинян:«Уағдаластық біздің халық үшін жеңіл болмайтынын түсінемін. Бірақ мен мұндай шешімді әскери жағдайды терең зерделеп барып қабылдадым. Бұл қазіргідей жағдайда өте дұрыс қадам деп санаймын», – дейді.

Армения премьер-министрі келісім туралы жариялай салысымен Ереванда толқулар басталды. Үкімет басшысының шешіміне наразылық танытқан жүздеген адам Еревандағы үкімет үйіне басып кіріп, парламент спикерін тепкіге жықты.

Биыл 27 қыркүйекте Таулы Қарабақ үшін қақтығыс қайта басталып, мыңдаған адам қайтыс болды. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да бар. Екі тарап үш рет атысты тоқтату туралы келісімге келгенімен, бұл келісім сақталмады.

Таулы Қарабақтың де-факто үкіметі қыркүйектен бері 1221 әскери қайтыс болғанын мәлімдеді. Әзірбайжан соғыстан қанша сарбаз қаза тапқанын айтпай отыр.

Негізінен Таулы Қарабақ ресми түрде Әзірбайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта этникалық армяндар тұрады. Таулы Қарабақтағы армяндарды Ереван қолдап отыр. Әзірбайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қайтыс болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың бақылауында. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялап алған. Бірақ оларды Армениядан басқа ешбір ел мойындамады.

"The Qazaq Times"