АҚШ президенті Дональд Трамп айқын басымдықпен жеңіске жететінін және қарсыласы Джозеф Байденнің бұл нәтижені мойындағысы келмейтінін айтты. Қазіргі президенттің үндеуі барлық америкалық БАҚ-та тікелей эфирде көрсетілді.

Ақ үйде мәлімдеме жасаған Трамп: «Демократтар Байденнің жеңілгенін мойындамай отыр. Бұл – еліміз үшін ұят. Біз осы сайлауда жеңіске жетеміз деп дайындалдық. Шыны керек, сайлауда жеңдік. Республикашылдардың мақсаты – елдің игілігі үшін сайлау нәтижелерінің тұтастығына кепілдік беру. Бұл өте маңызды сәт», – деді.

Трамптың айтуынша, Джозеф Байден президенттік сайлауда жеңе алмайтынын түсініп, сот ісін жүргізу арқылы әрекет етуге шешім қабылдаған. Сонымен қатар «сайлаудағы дауыстарды санау Трамптың жеңісін мойындамау үшін жасанды түрде тоқтатылды» – дейді.

Қазіргі президент Джорджия, Пенсильвания, Мичиган және Висконсин штаттарында жеңетініне сенімді. Әзірге, бұл штаттарда жеңімпаз анықталған жоқ. «Fox News» телеарнасының бағалауы бойынша, Трамп жоғарыда аталған штаттарда да жеңіске жетеді.

Америкалықтар бүгін тек Ақ үй басшысын ғана емес, вице-президентті, Өкілдер палатасының бүкіл 435 мүшесін, 35 сенатор және бірнеше штат мен аймақтың 13 басшысын да таңдауы тиіс. Дегенмен әлем назары президент сайлауына ауып отыр. Дәл қазір 538 сайлаушының 238-і Байденге, 213-і Трампқа дауыс берген. Үміткер президент болу үшін сайлаушылар алқасындағы 538 дауыстың кемінде 270-ін алуы керек.

"The Qazaq Times"