ШҰАР-дағы Қашқар қаласында 138 адамнан коронавирус анықталып, 4,7 млн халқы бар қала толықтай тесттен өтпек.
Қытай қазір коронавирус анықталған жерлерде вирус жұқтырғандар саны аз болғанына қарамастан жаппай анықтау тестін өткізу стратегиясын қолданып келеді. Қазанның бас шенінде 9 млн халқы бар Чиңдау қаласында, мамырда 11 млн халқы бар Ухан қаласында жаппай анықтау тестін өткізді.
Қашқар қаласы Оңтүстік Шыңжаңда ұйғырлардың мәдени орталығы саналған қала. Соңғы жылдары Қытай үкіметі Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға қатаң саясат ұстанып келді. Шыңжаңдағы «тәрбие лагерлерінде» миллионнан астам, ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де аз санды ұлт өкілдері қамалғаны туралы БҰҰ мәліметінде де айтылған. Қашқар қаласында да бірнеше тәрбиелеу лагерлері бар екені туралы халықаралық басылымдар жазған.
Қазір, Қашқарда мектептер жабылған, жүріс-тұрысқа шектеу қойылған. Қалада коронавирус екі апта бойы жаңадан тіркелмесе ғана қашқарлықтардың сыртқа шығуына рұқсат етілмек. Сенбі күні жалпы тестілеу басталды, жексенбіде 2,8 млн тұрғын тестен өткені айтылған, содан бері 137 адамнан вирус табылды.
Қытай симптомсыз науқастарды коронавирус қатарына жатқызбайды, сол бойынша жасалған статистикада Қытай бойынша 85 мың 810 адам вирусқа шалдықты деп көрсетеді, 4 мың 634 адам көз жұмған.