АҚШ-Қытай шиеленісі ушығып тұрғанына қарамастан, Қытай басшысы халықты АҚШ-қа қарсы күресуге шақыратын мәлімдеме жасады. Ол Корей соғысы кезіндегі Қытайдың «АҚШ қарсы тұру, Кореяға көмек беру» ұранын еске салып, Солтүстік Корея үшін күрестің ауыр бағыты мен «ұлы жеңісін» ұмытпауға, батыл әрі күрескер болуға шақырған.
Бүгін, 23 қазан Қытай астанасы Бейжіңдегі «Халық сарайында» тарихи дәуірді есе алу тақырыбында жиын өтті. Корей соғысының 70 жылдығы қарсаңындағы бұл жиын Қытай Коммунистік партиясының АҚШ-қа қарсы «демонстрация ұйымдастыру» әрекеттерінің ең қызу нүктесі болғандай.
Қытай басшысы Ши Жинпиң бүгінгі жиында: «Ауыр шайқастардан кейін қытай-корей жауынгерлері АҚШ әскері жеңілмейді деген мирфті бұзды», – деді. Ол сондай-ақ, Қытайдың «АҚШ-қа қарсы тұру, Кореяға көмек беру» соғысы әлемге әділеттіліктің салтанат құратынын әйгіледі деп үстеді.
Қытай басшысы: «Кез-келген біржақтылық, протекционизм, шектен тыс өзімшілдік, кез-келген бопсалау, блокада және қысым жасаудың әдістері бүгінгі әлем үшін мүлдем практикалық құны жоқ, оның соңы тұйыққа тірелді», – деген сөздерімен АҚШ-ты сынға алғандай болды. Ол сөзінде тікелей АҚШ-ты көрсетпегенімен, Қытай билігі АҚШ-ты біржақты протекционизм, эмбарго және кейбір қытайлық компанияларға салынған санкциялар үшін сынап келе жатқаны белгілі. Айталық, бүгін Қытайдың СІМ басшысы Уаң И Марокконың сыртқы істер министріне кездескен кезде АҚШ-ты «Біржақты қорқыту және өзімшілдік» ұстанады деп ашық айыптады.
ҚКП-ның ресми басылымдарының бірі саналатын Global Times басылымы да бүгін Қытай басшысының сөзіне ұқсас редакциялық мақала жариялады. Онда «Қытай экономикалық әлсіз кезінің өзінде (Корей соғысында АҚШ-қа қарсы соғысқанын меңзеп отыр. Q.T.) АҚШ-тан қорықпаған, бүгінде күшейіп келе жатқан Қытай АҚШ-тың қысымынан қорқа ма?!» деген мәтіндер кездеседі.
АҚШ-Қытай қатынасы екі жылдан бері шиеленісті күйде тұрса, биыл жыл басынан бастап Қытайдың Еуропа және Азия-Тынық мұхитындағы кейбір елдермен болған қарым-қатынасы күрт төмендеді. Бұған алып келген Қытайда басталған індет, Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жасалған қысымдар және Гонконг мәселесі болды. Ал, тап осындай қысымдар кезінде Қытай басшысының АҚШ-қа қарсы күресті сөз етуін екі түрлі түсіндіруге болады.
Біріншіден, Қытай басшысының бұндай мәлімдеме жасауы Қытай Коммунистік режимінің алдында тұрған қолайсыз халықаралық жағдайды көрсетеді. Екіншіден, Қытай басшысы осы орайда ел ішіндегі барлық тараптарды АҚШ-қа қарсы күреске жұмылады деп үміттеніп отыр. Былайша айтқанда, Ши Жинпиң Қытай ішіндегі барлық фракцияларды жұмылдыру үшін Корей соғысындағы ҚКП мен АҚШ-тың тарихи қақтығысын пайдаланып отыр.
Бұл қыркүйекте Пентагон таратқан Қытай туралы есептегі кейбір дәйектемелерді еске салады. Онда Марк Эспер: «Қытай күш тепе-теңдігін өзіне тиімді жаққа бұру үшін зорекер экономиканы, саяси диверсияны және әскери қуатты пайдаланып, көбінесе басқалардың есебінен өзгертуге тырысады», – деген болатын. Әрине, Қытай өзінің әскери қуатын қысқа уақытта көтерді. Бірақ, Құрама Штаттың әскери қуатынан бөлек, оның Қытайды қоршап тұрған серіктес, одақтастарына қарсы балама күшті Қытай да, Ресей де тап қазіргі кезеңде толтыра алмасы белгілі.