Әзірбайжан мен Армения арасындағы қақтығыс әлі басылған жоқ. Тараптар ортақ келісімге келе алмағандықтан, шекарада от атылған. Зардабын жергілікті тұрғындар көріп жатыр. Тhe frontier post сайтының жазуынша, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев қақтығысты дереу тоқтатуға шақырған. Ал Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы аясындағы өзара әрекеттесу жөніндегі сұрақтарға жауап берген Армения премьер-министрі Никол Пашинян «халық қауіпсіздігі үшін Таулы Қарабақтың дербестігін мойындау керек», деген пікір білдірді.
Халықаралық мәселе жөнінде сұхбат берген Пашинян: «Күн тәртібімізде Таулы Карабах дербестігін Армения тарапының мойындауына қатысты сауал бар екенін жариялаған болатынбыз. Армения және Таулы Карабах арасында стратегиялық ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қоюды да қарастырып отырмыз. Кеше Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымының алаңында қазіргі жағдай талқыға салынды. Біз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті барлық шараны қабылдаймыз. Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымының бұған қатысу-қатыспауы – бұл бөлек мәселе. Біз қалыптасқан жағдайға байланысты және геосаяси тұрғыдан барлық мүмкіндікті талқылап жатырмыз. Армения қарулы күштерінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқары жетеді және біз үндеу жасайтындай жағдайға жеткен жоқпыз деп санаймыз», – дейді.
Таулы Карабах үшін Ереван мен Баку арасындағы текетірес 30 жыл бойы жалғасып келеді. Тұрғындарының дені армяндар Карабах 1991 жылы Әзербайжаннан тәуелсіздігін жариялаған болатын. Осыдан кейін аймақта қақтығыс басталып, тек 1994 жылы Ресейдің араағайындығымен Әзербайжан, Армения және дербестігін жариялаған Таулы Карабах атысты тоқтату келісіміне қол қойды.
27 қыркүйекте Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзірбайжан Қарулы Күштері Таулы Қарабақ бағытында шабуыл бастағанын айтты. Армения СІМ мәліметінше, Әзірбайжан армиясы елді мекендерді, соның ішінде танылмаған Степанакерт Республикасының астанасын бомбалаған. Өз кезегінде Әзірбайжан Қорғаныс Министрлігі Әзірбайжан армиясы армян тарапының байланыс жолындағы әрекеттеріне жауап ретінде шаралар қабылдап, жағдайды бақылауда деп мәлімдеді. Кейіннен Армения, Әзірбайжан және танылмаған Таулы Қарабақ Республикасында әскери жағдай енгізілді.
Ереван 28 қыркүйекке қараған түні атыс толастамағанын айтса, Баку армян күштерінің Тертер қаласын атқылағанын хабарлады. Биыл шілдеде Әзірбайжанның Товуз облысы мен Арменияның Тавуш облысы арасындағы шекарада атыс болған. Шетелдік басылымдар Армения әскері қақтығыс кезінде Әзірбайжанмен шекаралас аймақты тас-талқан еткенін жазды. Сол күні Товуз кентінде әрбір 15-20 минут сайын оқ атылған. Әзірбайжан халқы жер-жерде митинг ұйымдастырып, биліктің Арменияға қарымта соққы беруін талап етті.