Таяуда Еуроодақ БҰҰ-ның Ливиядағы қару-жарақ эмбаргосын бұзғаны үшін қазақстандық «Sigma Airlines» компаниясына қарсы санкция енгізді. Одақ енгізген санкция бойынша аталған ұйымның активтері тоқтатылып, компанияға ЕО-дан ақша аударуға тыйым салынады.
ЕО Кеңесінің сайтында қатаң қаулылар Ливиядағы адам құқықтарын бұзуға жауапты екі адамға және БҰҰ-ның осы елге қару-жарақ эмбаргосын бұзуға қатысы бар үш ұйымға бағытталғаны айтылған. Олар Ливия қақтығысына байланысты шектеу шаралары қолданылатын жеке және заңды тұлғалардың тізіміне қосылады.
Санкция тізімінде жүк тасымалдаумен айналысатын қазақстандық «Sigma Airlines» авиакомпаниясы, «Avrasya Shipping» түрік компаниясы және Иорданиялық «med Wave Shipping» компаниялары бар.
Ресми құжатта: «Біріккен ұлттар ұйымы «Sigma Airlines» авиакомпаниясын ұйымның Ливияға әскери техниканы беру эмбаргосына қайшы келетін коммерциялық жүк әуе тасымалын жеткізушілердің бірі ретінде анықтады. ЕО барлық тараптарды адам құқықтары мен халықаралық құқықты құрметтеуге бірнеше рет үндеді. БҰҰ-ның Ливияға қару-жарақ эмбаргосын толық сақтауға бел буды Енді заң бұзушыларды жауапқа тартады», – делінген.
Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Джозеф Баррель: «Бүгін санкциялық тізім бекітілді. Адам құқығын бұзған екі жеке тұлға және БҰҰ-ның эмбаргосын бұзған үш әуе компаниясына санкция салынды. Еуропалық одақ адам және халықаралық құқықтарды сақтамағандарды жауапкершілікке тартуға тырысады. Сондай-ақ, Ливияға қару-жарақ тасығандарды тоқтатуға күш салады», – делінген.
Қатаң қаулы қарастырылған жеке және заңды тұлғалар Еуроодақ аумағына кіре алмайды. Сонымен қатар ЕО-дан келген жеке және заңды тұлғалардың санкция тізіміне енгізілген азаматтар мен компанияларға қаражат беруіне тыйым салынатындығы айтылған.
Ливиядағы азамат соғысы 2011 жылы басталған болатын. Содан бері елде үкіметтік күштер мен ұлттық әскер арасындағы қақтығыс тыйылмай тұр. Қос тарапқа ірі державалар қаруды әуе, құрлық және теңіз жолдары арқылы тасымалдап келеді.
Биыл ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі «Azee Air», «Sigma Airlines» және «Jenis Air» әуе компанияларына қатысты тергеу бастап, оларды «Ливияға қару тасыды, сол арқылы БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің шартын бұзды» деп айыптаған болатын. Сонымен қатар Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де құқық қорғау органдарымен бірлесіп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің эмбаргосын бұзған, Қазақстанда тіркелген үш әуе компаниясы бойынша жұмыс жүргізе келе, әуе кемелерінің меншік иелері Біріккен Араб Әмірліктерінде («AGANYA LTD») және Британдық Виргин аралдарында («Infinitive Seal Inc.») тіркелген шетелдік компаниялар екенін анықтаған.