АҚШ президенттігіне үміткерлер – Республикалық партия өкілі, 45-ші президент Дональд Трамп және демократ Джозеф Байден сейсенбіде Кливлендте (Огайо) брінші рет теледебат өткізеді. Кандидаттар «Case Western Reserve University» акт залы сахнасында бетпе-бет кездеспек. Теледебаттардың трансляциясын барлық ірі телекомпаниялар бір жарым сағат бойы үзіліссіз көрсетеді. Ұзақтығы 15 минут болатын сайыс алты сегментке бөлінеді, әрбір сегмент «Fox News» компаниясының жетекші журналисті Крис Уоллестің сұрағынан басталады.
Жеке қайырымдылық арқылы қаржыландырылатын теледебат тақырыптарын партиядан тыс Комиссия алдын ала анықтады. Тараптар пандемия кезінде дағдарысқа ұшыраған экономиканың перспективалары; афроамерикалық Джордж Флойдтың миннеаполистегі өлімінен кейін басталған нәсілдік әділетсіздікке қарсы наразылықтарға қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс. Сонымен қатар алдағы сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету және АҚШ Жоғарғы Сотының жаңа мүшесін таңдау жағдайы сияқты тақырыптар бойынша өз ұстанымдарын көрсетеді.
Нью-Йорк үкіметтік емес ұйымы – Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес өз сайтында Ресейге қатысты саясат мәселелері бойынша кандидаттардың ұстанымдарын келтіреді. Бұл жөнінде сұхбатында қазіргі президент Трамп «Ресейдің араласуына қарсы тұру үшін арнайы шаралар қабылдағанын», соның ішінде бірқатар санкциялар енгізіп, Украинаға әскери көмек көрсеткенін, президент Барак Обаманың әкімшілігі кезінде енгізілген Қырымға байланысты санкцияларды сақтағанын, 2018 жылы Ресей дипломаттарын қуып шығарғанын, орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнен шыққанын айтты.
Джо Байден «НАТО-ны нығайтудың және одақты шығыс бағытта таратудың көптен бері жақтаушысы» екенін айтқан. Мұнымен қатар, Грузия мен Украинаның НАТО-ға кіруін қолдап, Ресейдің Америка демократиясын бұзу әрекеттерін тәуелсіз тергеуге уәде берген. Байден АҚШ пен одақтастардың киберқауіпсіздігін күшейту мәселесіне де тоқталды.
Трамптың теледебаттарға дайындығы екі апта бұрын басталды. Қыркүйектің ортасында «Fox News» телеарнасына берген сұхбатында ол күн сайын дайындалып жатқанын айтты.
Сұхбат барысында 74 жастағы Трамп қос үміткер де теледебат алдында «допинг сынағынан» өтуі керек деп әзілдеді. Бұған дейін Трамп 77 жастағы Байден кәрілігіне байланысты өзімен тең дәрежеде пікір таластыра алмайтынына сенім білдірген.
Қос үміткер – қос стратегия
Республикалық партияның стратегиясын жасаушылар Трамптың алғашқы теледебаттардағы ең маңызды трамплині экономика деп санайды. Сайлау науқанының барысы туралы ақпаратты орналастыратын «Election Central» порталы атап өткендей, Трамп «пандемиядағы дағдарыс салдарын сезінетін сайлаушыларға оның президенттігінің алғашқы үш жылында экономиканың өсу қарқыны қаншалықты жоғары болғанын қайта-қайта еске салуы керек». Аталған сайт сарапшыларының болжауынша, Ақ үй басшысы сайыс кезінде Байденнің жарты ғасырға жуық саяси мансабы кезінде жіберген қателіктеріне назар аударады. Республикалық сайлауалды штабтың қызметкері Бретт о ' Доннел те «президент Трамп өзін айқын көрсететін тақырып – экономика саласы», дейді.
Өз кезегінде Байден «сын, әжуа» стратегиясын таңдайды. «Ол Трамптың мазағына жауап беріп, жеңіске жету үшін барын салады», деп атап өтті «Election Central». Сонымен қатар Байден негізгі тақырып ретінде Трамп әкімшілігінің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын қатаң сынға алмақ.
Тағы екі раунд
«The New York Times» газеті мен Сиен колледжінің зерттеу қызметі 23-24 қыркүйек аралығында 950 сайлаушымен жүргізілген Ұлттық сауалнамасы бойынша Байденді респонденттердің 49%-ы, ал Трампты 41%-ын қолдауға дайын екенін айтқан.
21-24 қыркүйекте «ABC» және «The Washington Post» газетінің 1008 ықтимал сайлаушылар арасында жүргізген сауалнамасының нәтижелері бойынша респонденттердің 54%-ы Байденге, 44%-ы Трампқа қолдау білдірген.
Трамп пен Байденнің екінші теледебаты 15 қазанда Майамиде (Флорида) ұйымдастырылмақ. Кезекті дебаттың ерекшелігі – қатысушыларға штат тұрғындары сұрақтар қояды.
Президенттікке үміктерлермен қатар, вице-президент лауазымына таласатын Майкл Пенс пен Камала Харристің теледебаты 7 қазанда Юта штатында өтеді. Олар 9 сегменттен тұратын сұрақтарға 10 минуттан жауапнақты дәлелдермен жауап беруі тиіс. Дебаттың басында жүргізуші сұрақ қояды.
АҚШ-тағы кезекті жалпы сайлау 3 қарашада өтеді. Сайлауда халық президент пен вице-президентті, Өкілдер палатасының барлық 435 мүшесін, Америка Құрама Штаттарының Конгресс Сенатының үштен бірін, 13 штат пен аумақтың губернаторларын сайлайды.