Өткен күні, 23 қыркүйекте Қазақстанда 79 адамнан коронавирус, 228 коронавирус пневмониясы анықталды. Сондай-ақ, екеуін қосқанда (U07.1-4, U07.2-1 өлім жағдайы) 5 қазақстандық қайтыс болғаны хабарланды.
Сәрсенбіде тіркелген 79 адамның ең көбі әдеттегідей ШҚО (21, жарты айдан бері бірінші қатардан көрінуде) мен астанадан (16). Олар ПТР арқылы ауруы расталғандар. Ал Ақтөбе, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында ешбір коронавирус жағдайы табылмаған.
Биыл жазда «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған Үкіметтің дерегінше, қазіргі таңда ковид жұқтырған 3 495 адам (1 810 – ауруханада, 1685 – амбулаторлық бақылауда) емделіп жатыр. Олардың 36-сы жасөспірім-бала. Жағдайы нашарлаған 95 науқасты 15-інің ахуалы тым ауыр. 23 науқас өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр. Ведомство ақпаратына сәйкес, кеше 104 адам айығып, үйіне жіберілген.
Қазақстан ПТР сынамасы көрсетпейтін, өкпеге өтіп кеткен коронавирус пневмониясын 1 тамыздан бері бөлек есептейді. Оған дейінгі жыл басынан бергі 256 мың пневмония жағдайын жалпы статистикаға қоспаған. Биліктің бұл қадамын сарапшылар мен мамандар, қоғам белсенділері «саяси манипуляция» деп бағалайды.
Өткен тәулікте U07.2 немесе КВИ- деп белгіленетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 228 адам жалпы есепке алынған. Бірақ науқастардың ахуалы жайлы мәлімет белгісіз әрі берілмейді.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 32 мыңға жуықтаса, 13 наурыздан бері билік мойындаған COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 107 мыңнан асқан.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 138 542-ге жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2,6 мыңнан көбі (КВИ+ / U07.1 – 1 711, КВИ- / U07.2 – 346, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.