Сәрсенбі күні өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев лауазымды шенеуніктердің отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салынатынын хабарлады.
Министр көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шарасы жүріп жатыр деп сендреді.
«Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жоспар өзектендіріледі және оффшорлық юрисдикцияларға ақшалай аударым бөлігі бойынша заңнама жетілдіріледі. ...Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің салық органдары арасында ақпарат алмасу аясында ҚР резиденттерінің қаржылық шоттары туралы мәліметтер талданбақ. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша жұмыс жандандырылды. Астана-1, Электрондық шот-фактуралар жүйесі және Виртуалды қойма іске қосылды. Бұдан басқа, темекі және алкоголь өнімдерін таңбалау пилоттық жоба ретінде жүргізіледі және онлайн-бақылау кассалық машиналары (БКМ) енгізілді», – деді Жамаубаев.
Министрлік FATF ұсынымдарын енгізе отырып, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына және олардың отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салмақ.
Сондай-ақ, алдағы уақытта салық органдары кәсіпкерлік суюъектілердің түпкілікті бенефициарлары туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік беретін заңнаманы бекітеді.
1 қыркүйек Қазақстан президенті Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауында шетелде есеп шоты бар мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар қызметтен босатылатынын айтқан. Сонымен қоса, егер қазақстандық шенеуніктер немесе квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінде қос азаматтық анықталса, бірден орнын босатады-мыс.
Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаевтың дерегінше, 2019 жылы елде қос азаматтығы бар 500 адам анықталған. Сырт елде азаматтығы бар адамның көбінде бөлек есеп шоты болатыны анық.