АҚШ Конгресі өкілдерінің палатасы келесі жылға арналған бюджет жобасын бекітті. Құжатта Қытай мен Ресейге қарсы бірқатар жобалар, ресейлік «Солтүстік ағын-2», «Түрік ағыны» газ құбырларына қатысты санкцияларды күшейту сынды бөлімдер бар. Жоспар 1 қазаннан басталады. Дауыс беру заң шығарушы органның төменгі палатасының сайтында жүргізілді.
Конгрессмендердің 295-і $740,5 млрд бюджет жобасын қолдап дауыс берсе, 125-і қарсы шықты. Құжат Уашингтон әкімшілігінің «Солтүстік ағын-2» ресейлік газ құбырына қатысты қолданыстағы санкцияларын күшейтеді. 2019 жылдың желтоқсанында АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік жобаларға қатысты санкциялар енгізу туралы әскери бюджетке қол қойған. Енді «Солтүстік ағын-2» және «Түрік ағыны» құрылысына арналған құбырларды салу үшін көмектесетін шетелдік тұлғаларға қарсы санкция енгізіледі.
Келесі жылға қарастырылған бюджет көлеміне зер салсақ. Уашингтон қабылдаған жобадағы «Ресейді тежеу» бөлімі бойынша 3,8 млрд доллар бөлінген. Сонымен қатар келесі жылы Америка Украинаға 250 млн доллар көлемінде әскери көмек бермек.
Заң шығарушылар «Үнді және Тынық мұхиты аймағындағы Қытай ықпалын тежеу» мақсатында 3,6 млрд доллар бөлмек. Бұл Қытайдың бірқатар жобаларына, ядролық сынақтар жүргізу қадамдарына қарсы бағытталған. Сонымен қатар Конгрессмендер елдің мемлекеттік органдарының электрондық құрылғыларында TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салды. Ал коронавирус пандемиясымен күресуге Пентагонға бюджеттен $1 млрд қарастырылған.
Ресейлік «Газпром» «Солтүстік ағыс-2» консорциумын басқарады. 11 млрд доллар болатын құрылыс былтыр аяқталуы керек еді. Құбыр жұмыстары Ресей газының Германияға Украина аумағын айналып өту көлемін екі есе арттыру мақсатында қолға алынған. Бірақ жоба Америка санкциясынан кейін уақытша тоқтатылды. Құрылыс толығымен аяқталуы үшін әлі 100 шақырымнан астам жерге құбыр жүргізу керек. Бұған дейін Ресей билігі 2020 жылдың соңы немесе 2021 жылдың аяғында жобаның құрылысы аяқталады деп хабарлаған.
Президент ветосы
Сейсенбіде Ақ үй хабарлағандай, Трамп бірқатар ережелерге байланысты құжатқа вето қоймақ. Бұл ретте бірінші кезекте АҚШ-та азаматтық соғыс кезеңінде (1861-1865) құл иеленушілік болған оңтүстік штаттар Конфедерациясы қайраткерлерінің құрметіне аталған әскери объектілерді қайта атау туралы тармақ бар.
«Биліктің атқарушы тармағы өкілеттіктерін бақылауға, Ауғанстандағы қаражатты пайдалануға қатаң шектеулер енгізуге, президенттің ұлттық мүдделерді қорғау жөніндегі өкілеттіктерін өзгеше түрде шектеуге бағытталған заң жобасының ережелеріне қатысты маңызды мәселелер бар», – деп атап өтті Ақ үй әкімшілігі. Бұл жерде әңгіме президенттің Ауғанстан, Германия, Корея Республикасы, Африка елдерінен әскерлерді шығару жөніндегі өкілеттіктерін шектеу туралы болып отыр.
Негізінен АҚШ-тың әскери бюджет жобасы әлі де толық бекітілген жоқ. Осы аптада жобаның нұсқасын Конгресс Сенаты мақұлдауы керек. Кейіннен екі жобаның ереже-талаптарын реттеу үшін арнайы комиссия шақырылады.
Қос палата да келісілген құжатқа қайтадан дауыс беруі тиіс, содан кейін ол Ақ үй басшысына қол қоюға жіберіледі. Бұл процесс әдетте күзге дейін созылады.