13 шілде – Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандарды ұлттық аза тұту күні. Елде мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылды, телерадио хабарларын тарату желісі өзгертілді. 

Сағат 12.00-де дерттен көз жұмғандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Мешіттер мен шіркеулерде құрбандар рухына бағышталып, діни жоралғылар жасалды. Мемлекеттік телеарнадардан үндеу жасаған президент Тоқаев: «Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», – деді.

Биліктің 13 шілдені қаралы күн деп жариялауын кей сарапшылар «көзбояушылық, итке сүйек лақтырғандай халықты алдаусырату» дейді. Себебі халық ахуалы нашарлап, дерт індеген тұста, 6 шілде – бұрынғы президенттің туған күні мен астана күніне орай елордада отшашу атылып, мерекелік концерттер өткен. Осы орайда азаматтық белсенділер аза тұту күні ретінде 6 шілдені ұсынған.

Қазақстанда пандемия басталғалы бері 60 мыңға жуық адам COVID-19 індетін жұқтырды, 34 мыңнан астам адам сауығып шықты. 375 науқас қайтыс болды. Елімізде COVID-19 індетінен алғашқы адам – Ақмола облысы Қосшы ауылының тұрғыны,64 жастағы әйел 26 наурызда көз жұмды.

Коронавируспен қатар елде пневмония өршіп тұр. 2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Осы жылы маусымда Қазақстанда 628 адам пневмониядан көз жұмған.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда тоғыз рет ұлттық аза тұту күні жарияланған. Ал Тоқаев президент болғалы екінші рет ұлттық аза тұту күнін жариялап отыр. Бұған дейін мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алматы маңындағы ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алуға шақырған.

"The Qazaq Times"