Дүйсенбі күні, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео кезекті мәлімдемесінде Қытайдың Шыңжаң жеріндегі ұлттарға жасап жатқан саясатын айыптады. Ол Қытай үкіметінің «Шыңжаңдағы жоспарлы туу және міндетті залалсыздандыру» деп аталатын бағдарламаларын аз санды ұлттарға жасалған лаңкестік әрекет деп бағалаған. Әрі, Қытай үкіметін бұндай саясатты тез арада тоқтатуға шақырған.

«Бұл күнде әлем алаңдаушылық тудыратын жайттарға куә болып отыр. Қытай Коммунистік партиясы Шыңжаң жеріндегі аз санды ұлттарға мәжбүрлі стерилизациялау (ұрпақ көру мүмкіндігінен айыру – ред.), мәжбүрлі түсік жасату және жоспарлы тууды міндеттеу сынды саясатты репрессияның бір түрі ретінде алып баруда», – деді Помпео аталған мәлімдемесінде. Ол және: «Өкінішке орай, неміс зерттеушісі Адриан Зенц ашқан шындық Қытай компартиясының шын кеспірін көрсетті. Бұл жайттар адам өмірінің қадыр-қымбаты мен жеке бас еркіндігінің қадыр-қасиетінің мүлде ескерусіз қалдырылып жатқанын дәлелдеді», – деген.

Қытай билігінің Шынжаңдағы аз санды ұлттардың демографиялық табиғи өсімін шектейтін, адамдардың өмір сүру және ұрпақты болу сынды табиғи еркіне қол сұғу әрекеттерін Associated Press қатарлы бірқатар ірі ақпарат агенттіктері сынап жазуда. Associated Press хабарында Қытай үкіметі ханзуларға бағытталған жоспарлы туу саясатын жеңілдеткенімен, Шыңжаңдағы мұсылман азшылықтардың туу коэффициентін азайту бойынша қатаң шаралар қолданып жатқанын ашық жазды.

ШҰАР-дағы Статистика бюросының мәліметіне қарайтын болсақ, 2015 жылы автономиялы регионда туу саны 363 мың адам болса, 2019 жылға келгенде бұл сан 205 мың 400 адамға, яғни 157 мың аламға қысқарып кеткен. Туу көрсеткішінің мұндай күрт төмендеуі шынымен де үрейлі көрсеткіш. Былайша айтқанда айналасы 3-4 жыл ішінде бірнеше жүз мың адамды жойып жібергенмен бірдей.

Associated Press агенттігі хабарында, соңғы төрт жылда Шынжаңда әйелдердің босануын билік тарабы мәжбүрлі бақылауға алып, туу көрсеткішін аса қатаң әрі жүйелі түрде іске асырғанын бірқатар құжаттар арқылы дәлелдеген. Онда тергеу абақтыларындағы естеліктер, кейбір жекелеген адамдармен болған сұхбаттар да бар. Сондай-ақ, хабарда Қытай үкіметінің Шыңжаңда соңғы 4 жылда аз санды ұлттарға жасаған мұндай әрекеттерін көптеген сарапшылар мақсатты «геноцид» деп бағалайтыны айтылады.

АҚШ мем. хатшысы сөзінде: «Біз Қытай үкіметінен бұл лаңкестік әрекеттерді тоқтатуды талап етеміз және барлық әлем елдерін Құрама Штаттармен бірге бұндай адамдық болмысқа жат қылықтарды тоқтатуды талап етуге шақырамыз», – деп мәлімдеді.

Америкалық ақпарат құралдары Шыңжағдағы мұндай әрекеттерді әшкерелеуде Қазақстанға қоныс аударған азаматтардан да көптеген деректер жиналған. Бірқатар елдің зерттеушілері Шыңжағдағы аз санды ұлттарға жасалып жатқан әрекеттер «жантүршігерлік қылмыс» ретінде бағалайды. Оның қатарында «Алып мемлекет, бос үйлер» атты кітаптың авторы И Фуксиан (И Фу Шян) да бар.

“The Qazaq Times”