Мынаған назар аударып қараңыз, мамыр айының соңына қарай АҚШ-та қауіпті індеттен көз жұмғандар саны 100 мыңнан асып, президент Трамп ел тарихындағы «ең қайғылы кезең» деп мәлімдеп жатты. Дәл осы тұста Қытай экономикалық құлдырауға қарамастан елдің қорғаныс бюджетін әр жылғы дәстүр бойынша 6,6 пайызға арттыратынын жеткізді. Оған қоса Қытайдың екінші ұшақ тасымалдаушы кемесі де теңіз әскери сынақтарын сәтті өткізіп жатқаны туралы хабарлар тарады. Қытай басшысы Ши Жинпиң ұшақ тасымалдаушы кемесіндегі қытай жауынгерлерімен кездескені туралы жаңалықтар да берілді.
Қырғи-қабақ күйде тұрған екі елдегі ұқсамаған жағдай Қытайдың әскери модернизациясына деген алаңдаушылықты күшейтті. Екі ел арасындағы экономикалық, дипломатиялық бәсеке біртіндеп әскери бәсекеге қарай ұласатынын көптеген сарапшылар болжаған еді. Шыны керек, Қытайдың әскери модернизациясы оған жақын елдерді ғана емес, Үнді-Тынық мұхитындағы барлық бәсекелестерін алаңдатады. Соңғы кездері әлемді жайлаған індет пен экономикалық құлдырауға байланысты Қытайдың әскери дамуы және халықаралық қауіпсіздік тәртібіне қайшы әрекеттеріне деген бақылау мен шектеу әлсірей түсті. Осыдан барып Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы АҚШ-Қытай арасындағы әскери тепе-теңдік бұзыла ма деген күдікте оянды.
Соңғы он жыл ішінде Қытайдың әскери модернизациясы АҚШ-қа қолайсыз бағытта дамыды. Айталық, Үнді-Тынық мұхит аймағындағы Қытайдың әскери кеңеюі АҚШ-ты жаңа қорғаныс стратегиясын жариялап, оған Қытайды басты қарсылас ретінде көрсетуге мәжбүр етті. Бірақ, стратегиялық жоспарлау мен ресурстардың мүмкіндігін есептегенде, АҚШ әлі де Қытайдың әскери кеңеюіне тосқауыл бола алады. Бұны америкалық қорғаныс шенеуніктері де айтып отыр.
Солай десек те, мына бір түйіндерді қадағалауға тура келеді, АҚШ Қытай әлемін қоршап тұрған Үнді-Тынық мұхит аймағындағы теңіз күштерінің басымдығына ие. АҚШ-қа тиесілі ұшақ тасымалдаушы кемелердің қосыны стратегиялық активтер ретінде Қытайға қысым түсіріп тұр. Тұтас АҚШ армиясының қуатына өкіл бола алатын бұл кеме қосындары қазір Оңтүстік Қытай теңізіне жақын жүргені де көп істен дерек береді. Яғни, АҚШ пен Қытай арасында әскери аңдысу болып жатыр.
Қытай соңғы кездері теңіз әскери күштерін модернизациялауды жиілете түсті. Қазір Қытай теңіз күштерінде қолданыста екі ұшақ тасымалдаушы кемесі белсенділік таныта бастады. Үшінші ұшақ тасымалдаушы кемесі 2024 жылы теңіз күштерінің пайдалануына берілуі мүмкін. Амфибиялық шабуыл кемесі теңізге шыққаннан кейін жарты жыл өтпей жатып, 22 сәуірде Қытайдың екінші типті 075 амфибиялық шабуыл кемесі жабдықтарды жөндеу және навигациялық сынақтарды өткізу үшін теңізге салды. Қытайдың ресми ақпарат құралдары, бұны Қытай теңіз күштерінің дамуындағы жаңа дәуір деп бағалап жатты.
Қытайдың амфибиялық шабуыл кемелерінің тез дамып жатқанын америкалық әскери кеңесшілер де ескертіп келеді. Екі күн бұрын VOA-ға сұхбат берген АҚШ Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы орынбасары Сет Кропси: «Мені алаңдататыны – олар (амфибиялық шабуыл кемелері) үлкенірек және заманауи жабдықталған, біздікінен әлде қайда тез дамып келе жатыр», – деген пікірін білдірген.
Қытайдың әскери модернизациясының процесі әлемге ашық емес, сондықтан сыртқы әлем үшін Қытай теңіз флотының жалпы қуаты, әрекет аумағы мен мүмкіндігі анық емес. Бірақ, 21 мамырда америкалық тәуелсіз ұйымдар мен АҚШ Конгрессінің зерттеу қызметі Қытай әскери-теңіз күштерін модернизациясы туралы есепті жария етті. Мәліметте көрсетілуінше, соңғы бірнеше жыл ішінде Қытайдың әскери-теңіз кемелерінің саны АҚШ әскери теңіз күштерінен асып кеткен және соған байланысты қару-жарақтың жауынгерлік мүмкіндіктері 90-жылдардың басындағымен салыстырғанда әлдеқайда күшті.
Отставкадағы АҚШ адмиралы Сэнди Уиннефельд аталған мәліметтермен келісе отырып былай дейді: «Қытайдың қару-жарақ жүйесі біздікіндей кемелді болмағанымен, бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда күшейді. Тіпті, кейбір техникаларының мүмкіндігі бізде жоқ. Басты артықшылығы – Қытай бұл қаруларды тез арада өндіре алады, оның себебі бюрократиялық шектеулер салыстырмалы азырақ және біздің көптеген технологияларымызды ұрлап кетті. Олар дайын технологияларды ұрлау арқылы ғылыми зерттеу, тәжірибе жасау, сынау сынды барыстарды қысқартты».
Дегенмен, бұл айтылғандардың бәрі Қытай әскери қуатының АҚШ-тан асып бара жатыр деген сөз емес. Қытай осы қарқынмен дамыған күннің өзінде АҚШ әскери қуатына жету үшін әлі де ондаған жылдар уақыт керек. Қытай АҚШ әскери қуатына жету үшін әлі де бірнеше рет әскери модернизация жасауына тура келеді. Оның бәрі бір күнде жасала салатын жұмыс емес. Бұған қоса, адмирал Уиннефельдтың айтуынша, Қытай армиясында бірлескен ұрыс қабілетінің, нақты соғыс тәжірибесінің жоқтығы оның үлкен кемшілігі болып табылады. Құрама Штаттардың қарулы күштері әлемдегі нақты соғыс тәжірибесіне ие және сол тәжірибесін жыл сайын сақтап келе жатқан армия саналады.
Қытай бұл жағындағы әлсіздігін өздері де жақсы біледі. Соңғы кездері америкалық әскери барлау қызметі Қытайдың теңіз әскери жаттығуға белсенді күш салып жатқанын айтады. Айталық, Қытай теңіздегі нақты соғыс тәжірибесін шыңдауға күш салуда. Конгресстің ғылыми-зерттеу бюросының есебінше, егер Қытай «Азаттық армиясы» АҚШ-пен толыққанды ұрысқа кіретін болса барлық жақтан жеңіліс табады.
Бірақ, Қытайдың теңіз әскери күштерін күштеп модернизация жасаудағы мақсаты басқа. Бұл бір стратегиялық қадам деп айтсақ та болады. Жалпы АҚШ армиясымен теңесу Қытайдың көз алдағы мақсаты да емес, түсіне де кірмейді. Олар Тынық мұхитының батыс жағалауындағы кейбір аймақтарда АҚШ теңіз күштерінен уақытша болса да басымдыққа қол жеткізуді көздейді. Яғни, өңірде АҚШ-тың әскери араласуынан алаңдамайтын деңгейге жетуге тырысады. Сол арқылы Қытай өңірдегі өзінің кейбір гео-саяси мақсаттарына күштеп жетуге және АҚШ-тың теңіз күштеріне тынбай қысым түсіруді мақсат етуде. Қарапайым сөзбен айтқанда, АҚШ-пен тікелей соғыспаған күнде де, АҚШ-тың әскери араласуына жол бермеу.
АҚШ Қытайдың артып келе жатқан әскери қаупін күні бұртын сезіп, қорғаныс стратегиясын жаңартты. Яғни, Қытайдан төнетін қауіпке жол бермеумен қатар, Үнді-Тынық мұхит аймағындағы әскери кеңеюіне тосқауыл қою үшін барлық мүмкіндіктерді қолға алуда. Осыған қарап екі ел арасындағы әскери аңдысудың ұзақ уақытқа созылатынын білуге болады. Және бұл қадағалап отыруды қажет ететін мәселе.
“The Qazaq Times”