Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның тұсында бірінші оқылымда-ақ мақұлданған бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы қайта қаралып, жаңа төраға Мәулен Әшімбаев жүргізген алғашқы отырыста құжатқа бірқатар түзету енгізіліп, төменгі палатаға кері қайтарылды. Парламент мәжілісі атышулы заң жобасын  "ТЖ кезінде азаматтық қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылардың қатысуынсыз қабылдауын" халықаралық құқық қорғау ұйымдары қатты сынға алған

Заң жобасы Конституцияның 32-ші бабында бекiтiлген, қазақстандықтардың бейбiт әрi қарусыз жиналу, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға тұру құқығын жүзеге асыру кезiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеудi көздейдi.

Сенат депутаттары заң жобасын талқылау барысында жекелеген баптарға өзгеріс енгізді.

Сенат депутаттары бейбiт жиналысқа қатысушыларға өз денсаулығын сақтау үшін жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға мүмкiндiк беруді ұсынып отыр.

"Заң жобасын талқылау барысында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу және оның санына қатысты сұрақтар туындады, ол қоғамда да кеңiнен талқыға түстi. Мәселені қарап, комитет астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс деген шешімге тоқтады", – деді сот жүйесі және құқық қорғау комитетінің мүшесі Сәрсембай Еңсегенов.

Бейбiт жиналыстарды тоқтату негiздерi мен тәртiбi 18-бапта көзделген. Осы баптың 1-тармағы 3-тармақшасына сәйкес, бейбiт жиналыстарға қатысушылардың күш қолдануы, сондай-ақ бейбiт жиналысты ұйымдастырушының заң талаптарын бұзуы митингті тоқтатуға негiз болады

"Бұл қоғамдық тәртіп, денсаулықты сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандығын қорғауға бағытталған маңызды норма. Оның заңда орын алуы жөн. Дегенмен, заң бұзушылық жойылған жағдайда, бейбіт жиналысты жалғастыруға мүмкіндік беру керек деген ойдамыз. Сондықтан жоғарыда аталған норманы алып тастау және 18-бапты жаңа 4-тармақпен толықтыру ұсынылады", – деді сенат депутаты.

Сенат енгізілген түзетулерді қолдап дауыс беріп, заң жобасын мәжіліске қайтарды.

Бұған дейін адам құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын шетелдік 7 ұйым Қазақстан президенті  Тоқаевтың атына  митинг өткізу туралы заң жобасын қарауды тоқтатуға шақырып ашық хат жолдады (Олар – Amnesty International, Civil Rights Defenders, FIDH, Freedom Now, Human Rights Watch, International Partnership for Human Rights және Норвегиядағы Хельсинки комитеті – QT). «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы парламент мәжілісінде екінші оқылымында, кейін сенат қабырғасында бірінші оқылымда-ақ қабылданған. Бұған дейін өзге де халықаралық ұйымдар ТЖ режимі кезінде заң шығарушы биліктің митинг және саяси партиялар туралы екі заң жобасын қоғам қатысуынсыз асығыс қабылдауын сынаған еді.

Тоқаев қол қоюы мүмкін «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын мына сілтемеден тауып таныса аласыз.

Заң жобасындағы кілтипан

Жуырда ғана ақпарат министрі қызметінен ауысқан Абаевтың жетекшілігімен бұрынғы командасы дайындаған «ҚР-дың кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР-да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобаларында мысалға келтірілген «халықаралық тәжірибе» тарауы ресейлік РИА Новости желілік басылымынан ешбір сілтемесіз көшірілгенін бұрын да жариялаған едік. Концепцияның орысша  нұсқасы аталған сайттың материалымен сөзбе-сөз сәйкес келеді. Біздегі заң актілері мен құжаттары әуелі орысша дайындалып, кейіннен қазақ тіліне аударылатынын ескерсек, тұжырымдаманың мазмұны Мәскеу меммедиасында жарияланған нұсқадан алыс емес.

Биыл 7 ақпанда «Ашық үкімет» порталына орналастырылған заң жобасының 10-тарауы 2818 күн бұрын жарияланған (2012 жыл 21 мамыр) орысша материалдың негізінде жазылған.

"The Qazaq Times"