Былтырғы жылдың соңында «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры» саясаттану ғылымының докторы Бахыт Садыкованың “TÜRKİSTAN MİLLİ BİRLİĞİ” атты еңбегін шығарған еді. Кітап Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың эмигрант ретіндегі өмірін зерттеуге арналған цикілді зерттеу еңбектерінің соңғысы. Бұған дейін автордың осы тақырыпқа арналған бес кітабы жарық көрген болатын. Төменде ғалыммен өткізген шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Бахыт апай, кітабыңыз құтты болсын. Бүгінгі нарықтық заманда осындай кітап шығару қиынға соқпай ма?
– Кітап жазу жалпы ешкімге оңайға түспейді. Ол баршаға мәлім. Ал егер автор зерттеуін шетелде жатқан архивтік құжаттарға негізделіп жазбақ болса, ол не бай болу керек не болмаса қалталы демеуші табуы керек. Себебі зерттеуге шығарған қаражат автордың қаламақысынан 5-6 есе көп. Демеушілердің көбі тиын қуалаған пенделер. Қолы ашық, Мұстафа Шоқайға жаны ашырлардың саны жоқтың қасы. Кітабымның соңында жазғанымды қайталайын: негізгі демеуші француз профессоры, Құрметті легион орденінің (бұл Франция елінің ең жоғарғы марапаты) иегері Шанталь Лемерсье-Келкеже ханым болды.
– Бұған дейін Мұстафа Шоқай туралы біраз еңбектер жарыққа шыққан. Сіздің еңбегіңіздің басқа басылымдардан айырмашылығы неде? Жаңа деректер туралы айтып берсеңіз?
– Менің еңбектерімнің айырмашылығы – Польша, АҚШ, Франция, Алмания, Жапония және көрші бола тұра, Шоқайға қатысты дерек көздерін тарс жабық сақтайтын Ресей мұражайларына негізделген.
Жаңа деректер туралы оқырмандарға айтарым: сол деректерге негізделген зерттеуімді оқып танысқан жөн.
– Биыл Алашорданың 100 жылдығына орай үкімет қандай шараларды қолға алуы мүмкін. Мұстафаны зерттеуші ретінде көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?
– Алаштың 100 – жылдығына орай дайындалып жатқан шаралар туралы ақпаратты үкімет тарапынан, Мәдениет министрлігінен сұрап білген жөн. Мен саясаткер емес саясаттанушымын. Зерттеу жүргізуімнің жалғыз-ақ себебі бар. Ол Мария Яковлевна Горина-Шоқай апамыздың өсиетіне орай Мұстафа Шоқайды кеңес пропагандасы таққан жалған айыптарынан тазартып, Алаш арыстарының бірі Шоқайды ақтау.
– Мұсафа Шоқайдың түрік бірлігі идеясы басқа түркі ұлттары тарапынан қаншалықты қолдауға ие болды деп ойлайсыз?
– Бұл саясаттанушыға емес саясаткерге қойылатын сұрақ.
– Бүгінгі күні Шоқайтанушы ғалымдар арасында келіспейтін пікір қайшылықтары бар ма? Бар болса ол қандай мәселелер?
– Ғалымдар әртүрлі. Көбі зерттеулерін тарихи тұрғыдан жүргізеді. Мен саяси тұрғыдан зерттеймін. Қазіргі терминмен, айтсақ менің нысанам советология.
– М.Шоқайды басқа түркі халықтары өздерімен байланыстыра зерттеген еңбектері бар ма?
– Ресей, Түркия, Франция елдерінде Түркістан тарихына қатысты еңбектерде Мұстафа Шоқайдың есімі мен еңбектері ұмыт қалмайтынын білемін.
– М.Шоқай тақырыбына байланысты алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Біраз жоспарым бар. Ол туралы сөз қозғау әлі ерте.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қойшыбек Мүбарак
“The Qazaq Times”