Алматы қаласында полиция "Республика" және "Астана" алаңдарының маңын қоршап тұр. Аталған аумақтарда ұялы байланыс операторларының интернет қызметі де бұғатталған.
Бұдан бұрын еліміздегі бірқатар қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, жаңа партиялар наразылық шарасын өткізетінін білдірген. Олардың қатарында Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде шектелген "Қазақстан Демократиялық Таңдауы" қозғалысы және әлі тіркеліп үлгірмеген "Демпартия" да бар. Сондай-ақ, наразылық шарасына "Республика", "Оян Қазақстан" қозғалыстары да қолдау көрсеткен.
Осыған байланысты Алматы қаласында полиция алаңдарды және соған жақын аумақты қоршауға алды. Жаяу жүргіншілердің өтуіне де тыйым салды. Ұялы байланыс желісінің бұғатталуына байланысты Kcell және Beeline байланыс операторларына хабарласып сұрағанымызда, ел орталығы мен Алматы қалаларында құзырлы органдар тарабынан ұялы байланыс желісінің бұғатталғанын айтты.
Тілшілеріміздің хабарына қарағанда, полиция алаңға жақын маңда барлық жүргіншілердің өтуіне шектеу қойған. Журналистерді де бірнеше рет қатаң тексеруден өткізген. Арасында қызметтік тапсырмасы жоқ деген айыппен Анар Аққозыны ұстамақ болғаны және Әсел Жаңабай есімді журналисті ұстағаны мәлім болды. Сондай-ақ, тілшілерімізден белгілі журналист, "Дат" жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи да полиция тарабынан ұсталғаны туралы мәлімет келіп түсті.
Әріптестеріміз, Ермұрат Бапидың ұсталғаны туралы оқиға орнында бақылап тұрған Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілдерінен сұрастырған. Бірақ, олар бұл туралы "білмейтінін" айтқан. Журналистер сол маңда Ермұрат Бапидың "105752" номеріндегі полиция арнайы көлігіне отырғызылғанын анықтағанымен, полиция қызметкерлері бұл мәліметте жоққа шығарған және журналистердің арнайы көлікті түсіруіне қарсы болған.