Қоғамды дүр сілкіндірген Дулат Ағаділдің жұмбақ өлімінен кейін жер-жерден марқұмды жерлеуге мыңдаған адам келіп қатысты. Ақпанның 27-сі жаназадан қайтқан 20-дан астам азаматты полиция «Астана» және «Конгресс-холл»  концерт залының маңында ұстады.

Оларды арнайы жасақтың автобусқа күштеп «отынша» тигені жөніндегі бейнематериалды БАҚ пен әлеуметтік желідегі белсенділері жариялады. Ағаділдің өлімін зерттеу бойынша қоғамдық бақылау негізінде тәуелсіз комиссия құруды талап етпек болып түстен кейін қалаға келген белсенділерге өз пікірін айтуға мұрсат бермеді.

Оқиға кезінде болған астанадағы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев тілшілерге белсенділерді ұстау туралы «күн суық болғандықтан үйіне апарамыз» деді.

Кейбір белсендінің туыстары мұны «адам ұрлау» деп санайды. Кешелі бері Серік Асқаровтың жақындары оны «полицейлер ұрлағанын, әлі хабар-ошары белісіз» екенін айтып, әлеуметтік желіде іздеу салып жатыр.

Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салу сәтінен. 27 ақпан 2020 жыл. Талапкер ауылы, Ақмола облысы. Фото: facebook желісінен

24 ақпан күні түнде «судья Мерзадинова Динараға тіл тигізді» деген айыппен қоғамдық белсендіні Дулат Ағаділовті  бір топ формасыз полицей үйінен күштеп алып кетіп, ертеңіне түрме изоляторында қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Билік оның қазасын «жүрекке қан тамырының жетспеушілігі» себепті деп атады.

Дулат Ағаділдің Алматыда өткізген жалғыз адамдық пикеті. Фото: әлеуметтік желіден

Соңғы кездері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды көздейтін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз еркіндігіне рұқсат беретін кепілдігі митинг қарсаңында өз күшін жоғалта бастады. Facebook желісіндегі азаматтық бастамаға  мониторинг жүргізушісі #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists  және  адам құқығын қорғауға арналған Qaharman тобы митинг қарсаңында, ақпан айының  6-21 аралығында 15 қаладағы 64 белсендіге полиция тарапынан әртүрлі шара қолданылғанын жариялады.

22 ақпанда өткен санкцияланбаған митингте құқық қорғаушылардың есебінше елде 300-ден астам, ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, 53 қана азамат ұсталды деген болатын. Сонымен ақпан-тоқпанның арасында Қазақстанда ұсталып, қысым-ескерту көрген азаматтық белсенділердің саны 400-ге жуықтады. Жуырда БҰҰ-ның жиынында елдегі адам құқықтарын қорғау жақсарып келеді деп мәлімдеген биліктің белсенділерді «жаппай қамауы» тоқтар емес.

 “The Qazaq Times”