Осыдан үш күн бұрын қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің астанадғы тергеу изоляторында қайтыс болуы ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Билікке көңілі толмайтын, құқық қорғау органдарына сенімі сетінеген наразылар қатары көбейгендей.
Кеше марқұмның сүйегіне кірген астаналық тұрғынның бірі Қайыржан Иманғалиұлы БАҚ-қа берген комментарийінде «байқағаным, олар Дулатты ұрған. Мәйітхананың өздігінен өлді дегеніне келмейді. Жүрегінің тұсынан ұрған көгерген із бар. Қазір қазып алсаңдар да кеш емес. Мен тарихта ертең қарыз болып қалмайын деп айтып отырмын» деп ағынан жарылды. Сонымен қатар Facebook әлеуметтік желісінде «Дулат Ағаділдің қамаудан кейінгі ахуалы» деп тараған видеода куәгерлер арқа жауырын тұсы мен аяқ санының көгеріп-қарайғаны көрінеді.
Куәгердің Азаттыққа айтуынша, сүйекке кірген Талапкер ауылындағы мешіт имамы мен тағы бір адам, өзін қосқанда үш адам да марқұмның денесіндегі көгерген тұсын байқаған.
Бірақ марқұмның ағасы Қанат Ағаділ оның денесінде көгерген, соққы тиген белгі болмағанын айтқан. Бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров жедел жәрдем дәрігері Дулаттың «денесін қарау кезінде зорлық-зомбылық жарақаты анықталмады» деген еді.
Дулат Ағаділдің «...сотталуға да дайынмын. Өлтіріп те, ұрып та, пышақтап та кетуі мүмкін. Мұны істесе, арнайы қызметтер ғана істейді. Көшедегі біреу істемейді. Өйткені мен көшеде беталды жүрмеймін, арақ ішпеймін, темекі шекпеймін, басқа біреудің ала жібін аттаған емеспін, ұрлық жасмаймын. Сондықтан мұндай әңгімелер болып жатса, сабырлық сақтап сенбеңіздер» деп биліктің арнайы күштік құрылымынан сезіктенетін әрі қастандық жасалуы ықтимал екенін айтқан бейнеүндеуі интернетте тараған.
Аталған деректерге назар аударар болсақ, ІІМ мәлімдегендей «күш көрсету орын алмаған» және «ішімдік ішкен» деген уәж күмән тудырады. Әлеуметтік желі қолданушылары мен Дулат Ағаділдің қазасын аза тұтқан астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Тараз қалаларына жиналған белсенділер оны жүректен қайтты деген «ресми нұсқаға» сенбейтінін, бұрын-соңды денсаулығына қатысты шағымы болмағанын айтады.
Азаматтық белсенді соңғы пікірінде Назарбаевтар әулетіндегі «шиеленістер» туралы әрі Бекболат Тілеухан, Мұхаммеджан Тазабеков, Абдуғаппар Сманов есімді діни тұлғалардың атына өткір ескерту-үндеу жасаған болатын. Соңғы алты айда Дулат азаматтық белсенділігіне байланысты он шақты рет әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік абақтыда отырған. Оны бірнеше күн қатарынан қткен қаралы жиындарда еске алған көпшілік «әділетсіздікке, саяси жүйенің кереағар жазылмаған заңына қарсы күрескен» қайраткер ретінде бағалайды.