Бүгін «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топ өкілдері Алматыда жиын өткізді. Топтың әр аймақтағы мүшелері билік тарапынан қысымға ұшырап жатқанын айтқан демпартия жетекшісі Жанболат Мамай 22 ақпанға жоспарланған құрылтай съездің өтпейтінін, оның орнына топ белсенділері митингіге шығатынын хабарлады.
Жаппай қуғын-сүргін болып жатқан тұста қандай да бір съезд өткізудің қисынсыз екенін айтқан Жанболат Мамай: «Демократиялық партияның» жақтастары, мүшелері мына бастамашыл топ өкілдеріне жасалып жатқан қысымға қарсы және саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, Қазақстанға шынайы саяси реформалардың жүргізілуін талап етеміз. Күні кеше ғана болған Қордайдағы жанжалдың әділ тексерілуін талап етіп, 22 ақпанда «ескі алаңға» митингіге шығуға шешім қабылдадық. Біз «демократиялық партияның» съезін өткізбейміз», — деді.
Өткен аптада Жанболат Мамайдың әр аймақтан бастамашыл топқа кірген азаматтар хабарласып, жергілікті билік пен полицияның үйлеріне барып, өздерін «тергегенін» айтып шағымданды деген болатын. Құрылтайға жол тартқан Орал, Қостанай, Тараздағы топ мүшелерін полиция тоқтатып, тергеуге алған. Алматы қаласы Алатау ауданы Ақбұлақ шағын ауданында тұратынын айтқан Абзал Достияров 15 қаңтарда өзі үйде жоқта әкімдіктің ішкі саясат бөлімінен екі қызметкер келіп, «өзінің бастамашыл топтағы әрекеті» жайлы сұрап кеткен.
Айта кетейік, Қазақстанда партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өткізу міндетті. 2019 жылы 26 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда 1122 адамнан тұратын «Қазақстанның демократиялық партиясының» бастамашыл тобын тіркеген. Кейіннен демпартия жетекшісі Жанболат Мамай 22 ақпанда съезд өтетінін хабарлаған.
Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Парламентте үш партияның өкілдері отыр: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы, билікшіл «Ақ жол» және «Коммунистік халықтық партиясы».