Қазақстанда «Ашық аспан» режимі аясында жаңа 14 халықаралық әуе рейсі ашылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлады.

Вице-министр Берік Қамалиев: «Халықаралық бағыттардағы бәсекені арттыру және авиабилеттердің құнын арзандату мақсатында өткен жылдың 1 қарашасында ҚР Президентінің тапсырмасымен еліміздің 11 әуежайында «ашық аспан» режимі енгізілді. Бүгінде Қазақстан 26 елмен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын жүзеге асыруда», – дейді.

Ведомствоның айтуынша, «Ашық аспан» режимін енгізу туризмнің дамуына, «Астана» халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділікті арттыруға, жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, жаңа халықаралық бағдарлардың ашылуына, авиабилеттер құнының төмендеуіне және әуе көлігінің халықтың қалың тобына қолжетімді болуына ықпал етеді.

Осы ретте Qatar Airways, LOT, Salam Air, Jazeera Airways, Air Asia және басқа да ірі компаниялар астана мен Алматыны Доха, Маскат, Куала-Лумпур және басқа да қалалармен байланыстырады. Сонымен қатар биылдан бастап Air Astana әуе компаниясы Алматы-Париж, Алматы-Мумбай бағыты бойынша жаңа рейс ашуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, 2019 жылдың басынан бері қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары 12 халықаралық әуе рейсін ашты. Халыққа жолдауында әуе билеті бағасының қымбат екенін айтқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені шешу жөнінде бұйрық берген болатын. Кейіннен сол кездегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр президенттің «ұшақ билеті қымбат» деген сынына қатысты мәселенің реттелетінін айтқан.

"The Qazaq Times"