7 ақпан астанада қазақ тілінде онлайн контент жасаушыларға арналған QazForum IV форумы өтті.

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің хабарламасында форум қазақ тілді онлайн медиаға арналған «ең ірі кәсіби алаң» ретінде сипатталған.  Жыл сайынғы форумда үздік сарапшылар, журналистер, блогерлер мен влогерлер, веб-сайт редакторлары «кәсіби тәжірибесімен бөлісу, шетелдік және жергілікті спикерлерден білім алу, бейресми ортада қарым-қатынас құру мақсатында бас қосады».

Биылғы форум бағдарламасында қазақ тіліндегі онлайн контентті монетизациялау, елдегі медиа және БАҚ нарығын дамыту мәселесін талқылау, сондай-ақ жетекші сарапшылардың қатысуымен шеберлік сабақтар мен тренинг өткізу жоспарланған. Қош делік.
Форум идеясының авторы әрі құрылтайшысы Қазақстандағы АҚШ елшілігі екені белгілі. Ал басты ұйымдастырушы ретінде Қазақстан баспасөз клубы өткізген төртінші жиынға әлеуметтік желілер мен қазақ тіліндегі сайттар арасында сыни пікірлер бой көрсетті.

Республиканың әр аймағынан 200-ден астам тыңдаушы-спикер қатысқан жиынды елдегі АҚШ-тың төтенше әрі өкілетті елшісі Уильям Мозер мен Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев ашты. Сөзін қазақтың «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады» деген мақалымен бастаған Уильям Мозер «QAZFORUM – маңызды тенденцияларды ескертуді, жаңа кәсіби білімнің көкжиегін зерттеуді, алдағы сынақтар мен мүмкіндіктерге дайын болуды басшылыққа аларына сенімдімін» деді.

«Digital дәуірдегі біздің медиа», «Youtube платформасының әлемдік және жергілікті трендтері» тақырыбында өткен бірнеше сессияда алдағы онжылдықтағы ақпарат нарығында қазақ тіліндегі сегменттің өзгеріске бейімделуі сөз болды. Сессия модераторы саясаттанушы Айдос Сарым, спикерлер ретінде Асхат Еркімбай (аймақтық медиа кеңесші, «Internews Kazakhstan»), Айгерім Жұмағұлова («Отырар» медиахолдингінің директоры), Қанат Сахария («Media Holding «Atameken Business» ЖШС бас директоры) және Ержан Қалымбайұлы («ULYS» диджитал журналының бас редакторы) қатысты.

 

«Түк те бермейді...»

Zhasalash.kz басылымы сайтының бас редакторы Асхат Асан пен журналист Айдос Жұқанұлы форумның көңілінен шықпағанын айтса, Нәзира Дәрімбет «өзі күткенддей ойынан толық шықпағанын» жеткізді. Форумға қатысушы Айдос Жұқанұлы мұндай талқылаулардың қазақ онлайн баспасөзіне берері жөнінде «өте пайдалы, тек спикерлер мен модераторды  дұрыс таңдай білу керек» дейді. Ал Асхат Асан жиын «түк те бермейді» деп ойлайтынын айтады. Оның сөзінше, «мұндай форумдардың пайдасы болса,  еліміз ендігі қарыштап дамып кетер еді». Жоба спикерінің бірі Нәзира аталған жобаның қажеттігін, дегенмен «қазақ баспасөзінің негізгі олқы мәселелеріне байланысты нақты зерттеу нәтижелері, тренгинг мен шеберлік курстар жиірек болғаны дұрыс еді» дейді.

Форумға азаматтық журналистика мен демократиялық құндылықтарды орнатуға, ашық қоғам қалыптастыруға атсалысып, үн қосып келе жатқан белгілі платформалар қатыспады. Тек бірді-екілі азаматтық қоғам белсенділері болмаса. Медиа жиынға қатысушы Нәзира Дәрімбеттің айтуынша, төрт рет ұйымдастырылған жобаның үшеуіне қатысқанын, ешбірінде азаматтық журналистиканың «шынайы» мәслесі қозғалмаған. Ол:

– Үшінші мәрте қатысып отырмын. Мұнда саясат пен журналистика немесе қазақ журналистикасының дамуын байланыстырмау деген мақсат бар сияқты. Қандайда бір шабуыл, қысым, сөз бостандығы туралы тақырып мүлдем көтерілген емес. Медианың дамуын саясатқа байланыссыз қарастырып келеді. Бірақ мұның бір-бірімен қатыссыз деп айтуға келмейді. Мемлекеттік БАҚ тендерге тәуелді болу арқылы өз сөз бостандығын шектейтіні белгілі ғой. Осыдан шығатыны елдегі саяси жағдай баспасөздің дамуына тікелей әсер етеді, – деді.

Соңғы кездері жиілей түскен журналистерге әр түрлі жолмен жасалатын шабуылдар мен кедергілер атүсті сөз болған дейді журналист Жұқанұлы. «Бірақ одан не пайда? Айтылды, қалды. Ал сөз бостандығының аясын кеңейту мақсатында жасалған нақты қадам көрмедім» дейді.

 

QazForum «ақшаны бос шашу, біразын қалтаға басу» ма?

«Жас алаш» редакторы Асхат Асан «еш нәтиже де күтпеймін» дейді. Ол «бір нәтиже шығару үшін форум өткізу емес, БАҚ еркіндігін күйттеген жөн. Бүкіл ақпараттық кеңістіктің бөтен мемлекеттің ығына беріп қойып, бұлайша даурығу – жігіт адамның ағаш атқа мініп ап, жауға шапқаны тәрізді ғана әсер береді. Ақшаны бос шашу, біразын қалтаға басу» деп санайды.

Нәзира Дәрімбет:

–  Сессияның пікір алмасу кезінде әріптестер ойында жүрген көп сұрағын қоя алмады. Қазақ тіліндегі БАҚ осындай шараларға көп келе бермейді деген сыңайда сын айтылды. Мұнымен келісе қою қиын. Ұлттық компаниялардан келген баспасөз қызметкерлері қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмады. Air Astana мен Самұрық Қазынаның баспасөз өкілдері орысша мәлімдеме жасады. ...Қазфорум деп аталған соң жұмыс тілі қазақша бекітілген. Сондықтан қатысушылар мен қонақтар қазақша айту қажет деп ойлаймын. Кейбір шетел азаматтары, АҚШ елшісі сөз арасында қазақша сөйлеуге тырысты. Ашық талқылауға, дискуссияға мүмкіндік бермесе, мұндай шараның не қажеті бар деген ой туады, – дейді.

 

Ұйымдастырушыларға ұсыныс

Форумның келесі шақырылымна мамандар бірқатар ұсыныс-тілегін білдірді. Нәзира Дәрімбет «меніңше, шеберлік сағаттар мен тренигтерді көбейту керек сияқты. YouTube ресурсы туралы зерттеулер бар. Жылда қайталанып жатқан тақырып та болды. Орыс тіліндегі баспасөзден неге қалып қойдық, мемлекеттік тілдегі ақпарат орыс тіліндегі пресс-релизден кешігіп қана қоймай, сапасыз берілуі тәрізді мәселе қозғалды. Мұндай жалпылама тақырыптан гөрі уақытты нақты-пайдалы тәжірибелік алмасуға арнау керек», – дейді. Айдос Жұқанұлы «Сөз бостандығына ерік беріп, спикерлікке шығатын адамды ұйымдастырушылар емес, алдын ала дауыс беріп, жұрт өзі таңдаса, қатардан озады. Осы қалпынан танбаса, көп форумның бірі болып қалады» деген алаңдаушылығын жеткізді.

Бұрын бұл жиынға министр Дәурен Абаев, кем дегенде ұлттық арнаның басшысы қатысатын. Бұл жолы министрліктердің баспасөз өкілдері болды. Жиын соңында сіз айтқандай қандайда бір ортақ шешім, ұсыным немесе үндеу сияқты әрекет болған жоқ. Соңғы сессияда ұлттық ірі компаниялардың өкілдері қатысты.

“The Qazaq Times”