Бүгін астанада қазақтілді онлайн контент жасаушыларға арналған Qazforum IV форумы өтіп жатыр. Форумның жұмысы қаншалықты тиімді? Тәуелсіз БАҚ-қа бет бұра ала ма?
Қазақ интернет журналистикасындағы сайттар мен порталдардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін қарастыруы тиіс жобаның тиімділігі қоғамда әрқилы бағалануда. Барлығына бегілі жайт, бұл мемлекеттік емес БАҚ өкілдеріне қатысты тақырып. Мемлекеттің қолынан жан бағып, бас-көз бақылауында қызмет ететін ұйымдар мұнда төбе көрсете бермейді. Әдетте астанада өтетін жыл сайынғы қазақ тілді онлайн контент жасаушылар форумы медиа сарапшылар, журналистер, бас редакторлар, блогерлер мен блогерлердің басын қосады. Бірақ онда тәуелсіз БАҚ-қа, азаматтық журналистикаға орын табыла ма?
Форумның құрылтайшысы Қазақстандағы АҚШ елшілігі. Ұйымдастырушы – Қазақстан баспасөз клубы. Ресей БАҚ инерциясы мен орыстілді медиаресурстың ықпалынан алып шығуды көздейтін Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен өтетін форумның өнімділігі өз әлеуетіне сай ма деген сауал туа бастады. Азаматтық журналистика мен демократиялық құндылықтарды орнатуға, ашық қоғам қалыптастыруға атсалысып, үн қосып келе жатқан немесе үлес қосқысы келетін аз тараптың өзі алалаусыз қатысып жатыр ма деген сұрақтың басы ашық қалып отыр.
Форумның берері сарапшылардың еншісінде. Десе де қазақ сайттарының басындағы ортақ мәселе шешім тауып жатқаны көргенге білінбейді. Жалпылама талқы, атүсті талдау деңгейінен аса алдық па?
Осы тәрізді сауалға Араша тәуелсіз қазақ сайттарының бас редакторларынан коментарий алған екен.
«Форумдарға біз кейіпкер ретінде ғана қатысамыз»
Думан Бықай, dalanews.kz сайтының бас редакторы:
– qazforum қазақ сайттарының дамуына ықпал етті, етіп жатыр деп айта алмаймын. Жалпы БАҚ саласына қатысты кез келген форум қазақ тіліндегі контенттің дамуына сеп болған жоқ. Қазақ медиасы, қазақ сайттары өз күнін өзі көріп жүр. Елдегі қазақ баспасөзіне қатысты көзқарас өзгермей, қос тілді саясат біртіндеп мемлекеттік тілге қарай ойыспайынша, бізде ешқандай даму болмайды және оған ешбір форум көмектесе алмайды.
Екінші мәселе, qazforum-ды қаржыландырып отырған АҚШ елшілігі екен. Біздің редакция бұған дейін бірқатар батыстық ұйымдармен жұмыс істеуге тырысты. Солардың барлығында орыс тілді мамандар отыр. Ал орыс тілді маман отырған жерде қазақ контентімен қалай жұмыс істейді? Оларға өзіңнің көзқарасыңды, өз приципіңді, ұстанымыңды қалай түсіндіресің? Ол оны қабылдай алмайды. Бәлкім АҚШ елшілігінің ниеті дұрыс та шығар. Бірақ АҚШ елшілігінің, басқа да батыстық ұйымдардың қазақ тілді контентті дамытуға деген қаржы-қаражаты орыс тілділердің қолына түсіп жатыр. Батыстық ұйымдардың бізге бөлген ақшасы алдымен қазақ тілді мамандардың қолына түсуі керек. Сол қаражатты қазақ тілді мамандар үлестіруі керек. Мұны өз тәжірибемнен айтып отырмын. Егер мұндай ұйымдар қазақ тілді контентті дамытуға шынымен де ықыласты болса, қазақ тілді сегментке бөлінетін қаражатты нақты біздің қолымызға тигізудің басқа тетігін қарастырған жөн секілді. Дәл қазіргі амалдар ақша шашудың жолы тәрізді көрінеді.
Өткенде Тоқаевтың өзі берекесіз басқосулар, керексіз конференциялар, осындай форумдардың бәрін тыйыңдар деп айтты ғой. Президент сөзінің бұл форумға да қатысы бар деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе, мұндай форумдардан кейін қазақ тілді сайттардың, қазақ тілді контенттің жағдайы оңалып жатса, бәлкім біз дәл қазір осылай күйіп-піспес едік.
Форумдарға біз кейіпкер ретінде ғана қатысамыз.
Егер АҚШ және басқа да батыстық ұйымдар біздің елімізде шынымен де демократиялық өзгеріс болғанын қаласа, бөлінген қаражаттың қазақ тілді ұйымдардың, мемлекеттік тілдегі сайттардың қолына түскенін қадағалауы керек. Алайда қазіргі бөлініп жатқан қаражат орыс тілді ұйымдар мен сайттардың қолында кетіп жатыр. Ашығын айту керек, олар қазіргі Ресейдің саясатына қарсы шықпайды. Олардың жобаларынан Ресей саясатының иісі аңқып тұрады. Ал оны бақылап жатқан кім бар?
«Қазақ баспасөзіне бір-ақ нәрсе – жарнама берушілерге рейтинг жасайтын тәуелсіз ұйым керек»
Руслан Ербота, «malim.kz» қоғамдық-саяси сайтының бас редакторы:
Мұндай форумдарға қатысып көргем жоқ. Алда өтетін форумның күн тәртібіне қойған мәселелерді көрдім. Талқылауға, ақылдасуға, пікір алмасуға тұратын дүниелер.
Қазақ сайттары, қазақ баспасөзіне бір-ақ нәрсе – жарнама берушілерге рейтинг жасайтын тәуелсіз ұйым керек. Қазақстандағы БАҚ бір ғана рейтинг агенттігінің көмегіне жүгінеді. Стандартына сай сертификаты бір ғана ұйымда бар. Ол тек орыс тілді баспасөздің рейтингін жасайды. Алайда олар қазақ тілді баспасөздің, сайттардың рейтингін жасамайды. Сондықтан жарнама тек орыс тілді сайттарға беріледі. Жарнама келмегеннен кейін даму да қиын, алға жылжу да күрделі. Қазақ журналистикасы әлсіз, жаза алмайды, тақырып қозғай алмайды деген секілді сөздер әркез айтылып жатады. Қаржы болмаса, жарнама келу жолын бөгеп тастаса қалай күн көреміз? Біздің негізгі мәселе осы ғана. Егер қазақ сайттарының рейтингін жасайтындай тәуелсіз ұйым құратын күнге жетсек, сол арқылы жарнама келе бастайтын болса, нақты мәселелердің шешімін қарастыратын форумдар жасауға болады. Жарнама келіп жатса, күш алып жатсаң, сол кезде түрлі-түрлі идеялар айтып, бастамалар бастауға ешкім қарсы болмас.
«Бір де бір форум қазақ сайттарын алға жылжытпайды»
Ербол Серікбай, baribar.kz сайтының бас редакторы:
– Осы уақытқа дейін Qazforum жаңа мамандарды дайындап шығарған жоқ. Осы уақытқа дейін талай форумдарға қатыстым. Көптеген форумдардың қазақ сайттарының дамуына ешқандай үлесі болған жоқ. Бірақ жылына бір рет болса да Qazforum қазақ сайттарының редакторлары жиналып, қандай да бір мәселені көтеріп, талқылап айтатын алаңға айналды. Бұдан басқа қазіргі таңда бір де бір осындай алаң жоқ. Менің түсінгенім, бір де бір форум қазақ сайттарын алға жылжытпайды.
«… мұндай форумдардың берері жоқ»
Жұлдыз Әбділда, журналист, медиатренер:
– Қазақ интернет журналистикасының нақты мәселесін талқылайтын платформа әлбетте, керек. Бірақ талқылау нәтиже беретін болса және сол талқылаудан қорытынды шығатын болса, онда көңілге қонады. Ал егер жылына бір рет жиналып, әркім өзінің проблемасын айтумен шектелеіп жатса, онда оның қаншалықты қажеті бар.
Qazforum деген жиынға мен бір рет қатысып көрдім. Бұрынғы форумда нендей мәселелер көтерілгенінен хабарсызбын. Ал өзім қатысқан жиында жақсы дүниелер айтылды. Бірақ одан кейінгі бір жыл ішінде сол мәселелер қайтадан көтіріліп, я болмаса бір шаралар қолға алынды ма, алынбады ма білмеймін. Егер форумда сөз болған жайттар іс жүзінде қол алынса, онда өте жақсы. Олай болмаса, мұндай шаралардың қандай пайдасы бар. Мысалы, қазір қазақ тілінде ақпарат тарататын онлайн медианың дені «жаға ұстату», «төбе шашты тік тұрғызу», одан қалса әлеуметтік желі мен WhatsApp-тың деңгейінен аспайтын ақпараттар таратумен шектеліп отыр. Бір-бірінен көшіріп басу, бір жаңалықты әрі-бері аударып береді. Және қазір кілең «өлді, қырылды, жойылды, сұмдық» деген жаңалықтарды таргет жасау трендте тұр. Егер мұндай нәрселерді келісіп, өзара өзгерте алмасақ, онда мұндай форумдардың берері жоқ.
«Қазақ сайттарының мәселесін көтеретін платформа керек»
Нұргелді Әбдіғани, Abai.kz порталының бас редакторы:
– Qazforum-ға жеке мен шақырту алдым. Бірақ белгілі бір себептермен оған бармайтынымды айттым. Бармауыма бір емес бірнеше себеп бар. Бірінші, ол маған қызықсыз. Неге? Жеке менің субъективті пікірім, бұған дейін «тоқсан тоғыз» форум өткен, бұдан кейін де «тоқсан тоғыз» форум өтеді. Бірақ нәтижесі жоқ деп есептеймін. Жеке таныстарымның арасынан осындай форумға қатыстық, инвестиция тарттық, немесе тендер алдық, жарнама алдық, авторлар таптық деген секілді сайттың шығармашылық және материалдық жұмысына қатысты пайда көрдік деген адамды естімедім. Бәлкім бар да шығар. Бірақ мен естімедім.
Бізде әдетте форумның өту формасы: даңғазадай бір үлкен ғимаратқа спикерлердің барлығын жинап алады, ол спикерлердің арасында дәл қазақ тілді ақпарат ресурстарына пікір айтып, белсенді араласып жүрмеген адамдар көбірек болады. Сөйтіп, ол спикерлер қазақ сайттарының жағдайын сөз етеді, қазақ сайттарының контентін талқылап, ақыр аяғында фуршетпен тарқасады. Бұл қазақ сайттарының шығармашылық-материалдық жағдайына әсер етпейді деп есептеймін.
Қазақ сайттарының мәселесін көтеретін платформа керек. Бірақ ол тәуелсіз болуы шарт. Жалпы қазақ тілді контенттің рейтингін түзетін, оларға контент сараптама жасайтын қазіргі платформалар көбіне көп орыс тілді платформалар деуге болады. Қазақ тілді контентке сараптама жасау үшін алдымен сол платформа өзі қазақ тілді контент жасауға араласып, оны күнделікті оқып отыруы тиіс. Бізде қазір қазақ тілді спикерлер саусақпен санарлық, ал орыс тілді спикерлердің өз аудиториясы бар.
«Қазақ онлайн медиа саласының дамуына септесетін ешқандай платформа жоқ»
Қойшыбек Мүбәрак, Qazaqtimes.com сайтының бас редакторы:
– Біздің сайттың құрылып, жұмыс істеп жатқанына үш жыл болды. Осы жылдар ішінде жобаның дамуына qazforum да айтылған, көтерілген дүниелердің ешбірінің әсері тиген жоқ. Бұл форум ғана емес, жалпы қазақ онлайн медиа саласының дамуына нақты ұсыныс, бағыт-бағдар беретін әзірге ешқандай платформа жоқ. Ал қазақ интернет журналистикасына біреулердің табыс көзіне айналып кеткен форумдардың керегі шамалы. Сондықтан қазақ баспасөзі, қазақ интернет журналистикасы өз ішінен бірігіп, ортақ мәселелерді талқылап, оның шешімін бірге табатын платформа қажет-ақ.