Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюрода Азаттық радиосы, ҚазТАГ агенттігінің журналистеріне жасалған шабуыл мен сайттардың бұғатталуына байланысты баспасөз мәслихаты өтті.

Жиынға қорғаушы Айман Омарова, Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис, адвокат Инара Масанова және юрист Гүлмира Қуатбекова қатысты.

2019 жылдың 22 шілдесінде Алматыдағы қазақстандық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы баспасөз жиынына қатысуға келген Азаттық пен өзге де бірқатар БАҚ журналистеріне бір топ белгісіз әйел шабуыл жасаған. Ғимарат дәлізінде Азаттықтың түсірілім тобына белгісіз бес әйел тарпа бас салды. Олар Азаттық операторы Тоқмолда Құсайыновқа шабуылдап, оның қолындағы видеокамераны сындырып, аккумуляторын суырып алды. Болған оқиғаны смартфонға түсіріп алмақ болған тілші Нұргүл Тапаеваға қол жұмсады.

Өз мүдделерін қорғау үшін «Азаттық» радиосы қорғаушы Айман Омарованы, ал АҚҚХБ қорғаушы Инара Масанованы іске тартты.

Тамыз бен қыркүйекте шабуыл жасаған адамдарды журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапқа тарту туралы өтініш берілген, бірақ ол қабылданған жоқ. Күні бүгінге дейін ешбір тергеу әрекеті жүргізілмегенін айтқан Евгений Жовтис «журналист құқықтары» мәселесінде әлі күнге дейін «әй дейтін әже, қой дейін қожа» болмай тұр дейді.

Жиында сөз бостандығы мәселесін тілге тиек етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған қорғаушы Айман Омарова: «Бұл журналистеге қарсы жасалған қылмыс. Бұл Қазақстанның имиджін құртады, бұл елде сөз бостандығы жоқ екенін көрсетеді»,– деді.

Соңғы уақыттары елімізде журналистердің жұмысына кедергі келтіру оқиғалары жиілеп кетті. Көпшілік жұрт мұны билік транзитімен байланыстыруда. Осыған дейін «Шекарасыз тілшілер», «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) сынды халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сөз бостандығы, БАҚ өкілдеріне көрсетілетін қысым, интернеттің бұғатталуын бірнеше мәрте сынға алып, билікке үндеу-хат жолдаған. Қазіргі уқақытта RSF халықаралық ұйымының рейтингісінде сөз бостандығы бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 158-орында тұр.

"The Qazaq Times"