Қытайдан Қазақстанға келген тағы 6 адам ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин осыған дейін емханаға жатқан екі адамды үйіне қайтарғанын хабарлады.
«Таңертең төрт науқас ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуі амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілгеннен кейін босатылды. Жаңа ғана Алматыда бір адамды госпитализациялау туралы ақпарат келіп түсті. Ақмола облысында бір отбасынан бес кісі ауруханаға жатқызылды. Олар да Қытайға барған. Оларда жедел респираторлық вирустың белгілері байқалды. Екі баланың дене қызуы көтерілді. Ал ересектерден ешқандай симптом білінбеді. Десе де отбасылық байланыста болғандықтан, олар да ауруханаға жатқызылды», – деп хабарлады Бекшин.
Оның айтуынша, медицина қызметкерлері соңғы екі аптада Қытайдан келген азаматтарды анықтап жатыр. Министр соңғы 14 күнде Қытайдан келген қазақстандықтар мен шетелдік азаматтар дереу жергілікті поликлиникаға барып, тіркеуге тұруын әрі тексерістен өтуін сұрады.
Денсаулық сақтау министрі Біртанов ауруханаға жатқызылған барлық пациенттен қан анализі алынғанын айта отырып, «үш күн ішінде нақты диагноз қойылады. Тиісті терапия басталды», – деп түсіндірді.
Бас дәрігердің сөзінше, 6 қаңтардан бері ҚХР аумағынан 25 858 адам Қазақстан шекарасы арқылы өткен. Олардың арасында қазақстандықтар да, шетелдіктер де бар. Бүгін күндіз 23 азаматтың дене қызуы көтеріліп, төртеуі ауруханаға жатқызылғаны хабарланған болатын.
Ведомство індет профилактикасы ретінде науқастарды орналастыруға 4,5 мың орын дайындап қойған деседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қытайда короновирустан көз жұмған адамдардың саны 106-ға жетті. Инфекцияны 30 провинцияда 4515 адам жұқтырған. Әлемнің 15 елінде 80 науқас тіркелген.